Алматы базарларындағы өрт оқиғаларына байланысты алғашқы сот тыңдалымы
өтті. «Керемет», «Олжа» және «Аян» базарларында шығынға ұшыраған саудагерлердің
шағымдары бойынша сот ісі қаралуы керек болатын.
Айыпталушы деп танылған «Олжа»
базарының директоры мен дәнекерлеуші жұмыскер кінәсын мойындамады. Бұл туралы
журналистерге қорғаушы Сергей Уткин мәлімдеді. Алғашқы отырыста өрт салдарынан
шығынға батқан саудагерлердің қарасы көп емес. Ал күдіктілер өрт қауіпсіздік
ережелерін бұзғаны және біреудің мүлкін бүлдіргені үшін айыпталып отыр.
Күзде орын алған барахолкадағы алапат өрттің мән-жайын тергеген құқық
қорғау органдары жақында істі сотқа тапсырған болатын. Бүгін Жетісу аудандық
сотында қарала бастаған қылмыстық іске журналистер кіргізілмеді. Жабық есік
жағдайында өтіп жатқан іс барысында судья алдын ала тыңдалымға мүмкіндік беріп,
тараптармен танысқан.
Сотқа кіргізбейміз. Сот жабық түрде , оны приставтан сұраңыздар.
Қорғаушы Сергей Уткиннің айтуынша, сот процесі ұзаққа созылмапты. Сот
отрысына қызыл жалынның шығуына кінәлі деп танылған екі күдікті де келген. Олар
«Олжа» базарының директоры Мұсағали Алдабергенов пен осы сауда орнында
дәнекерлеуші болып жұмыс істеген Жанат Қайранов. Айта кетейік, қалалық төтенше
жағдайлар департаментінің тексеру қортындысынан соң бар жауапкершілік осы екі
тұлғаға артылған болатын.
Сергей Уткин, қорғаушы:
Бұлардың қайсысы болмасын өз кінәсінің барын білуі керек. Бүгінгі сот
отырысында дәнекерлеуші өзінің тарапынан кінә болғанын, сондықтан, от
тұтанғанынжарым-жартылай мойындады. Ал базар басшысы өзінің бұл іске қатысы
барын теріске шығарды. Ол ешқандай қылмысқы кінәлі еместігін айтып отыр.
Күнделікті кәсібінен айырылып, 5 айдан бері есін жия алмай жүрген
саудагерлер де бүгін төбе көрсетті. Жәбірленушілердің алды 1 млн. АҚШ долларына
дейін шығынға баттық деп сотқа шағым түсірген. Олар бұл шығынды қаражаттарды
базар қожайындарынан өндіруді бұрын да талап еткен болатын. Енді олар бұл
сұранысқа сот орындары ықпал етеді деп үміттенеді.
Фазила Әбдіқадырова, жәбірленуші:
Адвокат жалдауға да шамамыз жоқ. Үйдемін, жұмыссызбын, Үйде отырмын ауырып.
Аян базарында 2005 жылы да өрт болып менің складым жанып кеткен болатын.
Таңсықгүл Момбаева, жәбірленуші:
Бұл жерге бүгін «Олжа» базарының басшысы мен сварщик келді. Біздің заттар
«Аян» базарында өртенген. Ол неге келмегенін білмейміз.
Өрт дерегі бойынша күдікті деп танылған тағы бір базар директорының ісін
қазір қаржы полициясы тергеп жатыр. «Аян» сауда орталығының директоры Закир
Ма-Ва-Цханның ісі де жақын күндері сотқа түспек.
Тергеу қортындысы бойынша, базар қожайындарынан өтемақы талап етіп, сотқа шағымданғандар
саны әзірге 12 адам. Ал 13 қыркүйекте аталған базарларда дүние-мүлкінен
айырылғандар жүздеп саналады. Сондықтан алдағы күндері шағымданушылар саны күрт
өсуі мүмкін дейді, жәбірленушілердің қорғаушысы. Келесі сот отырысы 12 наурызға
белгіленді.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ