Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысының Құлсары қаласындағы № 24-ші мектеп-гимназия қаладан 3 шақырым қашық салынған

  • AstanaTV
  • 06 наурыз 2014
  • 2812

Айдаладағы ақ отау. Атырау облысының Құлсары қаласындағы № 24-ші мектеп-гимназия қаладан 3 шақырым қашық салынған. Маңында бір де бір үй жоқ. Мектепке ұстаздар мен оқушылар қысы-жазы көлікпен қатынайды. Осыдан бес жыл бұрын, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген, 600 балаға арналған білім ордасында оқушы саны да аз. Аймақтағы тілшіміз жазықта шаңырақ көтерген мектепте болып қайтты.


Мектеп маңында асыр салып жүрген мына балалар қосымша сабақтан шығып, енді үйге қайтатын көлікті күтіп жүр. Үйреншікті жағдай. Ал, көлік жүргізушілері әрі-бері сабылғысы жоқ. Үйірмелерден шығатын басқа да оқушыларды да біржолата ала кету үшін, бәрін зарықтырады. Дегенмен қазір қыстың қаһары қайтқан. Аязды күндері бұдан да қиын еді.


Машина тоқтап қалады, қызбай қалады. Аялдамада тұрғанда қайтарып жібереді.

Күн салқын болған кезде, ұйқым қанбай қалғанда, мектеп үйдің қасында болса деп ойлаймын.


Шағын автобустар күніне бес бағытқа балаларды тасымалдайды. Бірі мектептен 18 шақырымдағы Қарағай елді-мекенінің оқушыларын үйлеріне жеткізеді. Қалғандары Құлсары қаласының мөлтек аудандарына бөлінген. Оқушылар мен мектеп ұжымын тасымалдау үшін қажетті жанар-жағар май аудандық бюджеттің мойнында. Жыл сайын 2 млн 500 мың теңге бөлініп келеді. Тасымалдаушылар қауіпсіздік шараларын ескере бермейтін сынды. Түсіру тобымыз көліктердің орын болмаса да "аузы-мұрнынан шыға", тиеліп бара жатқанына куә болды.


Нұрбай Нұртілеуов, көлік жүргізушісі:


Енді сақтанады, құдай сақтайды. Мен оған жауап бермеймін. Жауап берем деп айтқан жоқпын. 13 орындық қой тұруға арналған. Олардың қауіпсіздігіне мен жауап бермеймін, қолхат алған жоқпын.


Мектеп ұжымы биыл аймақта қар аз болғандықтан сабақ процесінде үзіліс болмағанын айтты. Ал осыдан екі жыл бұрын жолды қар басып, оқушылар 1 ай бойы қаладағы өзге мектептерде оқытылыпты. Қашықтығына байланысты 600 оқушыға арналған білім ошағында қазір 400-ге жуық бала дәріс алады. Ұстаздар сапалы білімге ғана емес балалардың аман-есен жеткізілуіне де жауапты.


Бибігүл Молдағалиева, №24 мектеп-гимназияның оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:


Қаладан қашықтығы, сосын көлік. Бізде қазір 385 баланың өзін 2 мезгілде әкеліп отырмыз. Көліктеріміз көріп тұрсыздар кішкентай. Газель, уаз машиналары. 1 көлік тоқтаған жағдайда оқушыларды келесі көліктерге орналастырамыз. Қалай болғанда да оқушы мектепке жету керек. Сабақтан кейін уақытында үйіне бару керек.


Бұл мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген. Құлсары қаласынан 3 шақырым шеткері салыныпты. Облыстық білім басқармасындағылар мектептің неліктен алыс салынғанын түсіндіре алмады. "Жер телімін белгілеуге араласқан жоқпыз" ,- дейді. Мектеп салынатын жерді аудандық әкімдік шешіпті. Құлсарының шетіндегі мектеп туралы облыстық Білім басқармасы да біліп отыр. Бірақ жағдайды өзгертуге шарасыз. Дегенмен 24-мектепке қатысты басқарманың өзге жоспары бар екен.


Роза Қабдолова, Атырау облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы:


Қайтадан атын өзгертіп, дарынды балаларға арналған мектеп қып өзгертсек деген ұсыныс беріп отырмыз. Сол жерде өздерінің жатақханасы болады. Жергілікті әкімшілік біздің ұсынысымызды қолдаса, онда ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы бұл мәселені жүзеге асырамыз.


Айта кетейік, мектеп орналасқан аумақ «Болашақ » мөлтек ауданы деп аталады. Кезінде әкімдік тұрғындарға осы маңнан 200 жер телімін берген. Алайда бес жылда бір де бір үй тұрғызылмапты.


Базаргүл ІЗІМОВА