Қарағандыда нәзік жандарды иттер де құттықтады. Мұндай ерекше көріністі бүгін қала көшелерінде тамашалауға болды. Жикар атты неміс овчаркасы гүлді тістеп жүріп, далада кездескен қыз-келіншектерге сыйлап шықты. Мұндай тосын сыйды нашақорлыққа қарсы күрес басқармасы мен облыстық ішкі істер департаменті кинология орталығының жігіттері жасады.
Жикар - қызметтік ит. Ол жарылғыш заттар мен есірткі іздеп үйренген. Ал әйелдерге гүл сыйлап тұрғаны алғаш рет. Бір қызығы, төрт аяқты жануар гүлді кез-келген адамға сыйламайды. Қыз-келіншектерді өзі таңдап жүріп, қуантады. Кімді таңдайтыны өзіне ғана мәлім. Бұған орай нәзік жандылар шексіз қуанышын жасыра алмай жатты. Полицейлер болса есірткі заттарының зияны туралы да айтып үлгерді. Дегенмен мұндай шағын лекцияларға нәзік жандылар қуанбаса, ренжіген жоқ.
Шалқар Жарлаубаев, Қарағанды облыстық ІІД кинология орталығының кіші инспекторы, кинолог:
Мен бұл итті үш күн бойы үйреттім. Үйреткенімнің нәтижесі бар. Бүкіл қыздарға көңіл-күйлерін жақсарттым деп ойлаймын.
Айгүл ӘДЕПБАЙ