Аты шулы ресейлік актер Алексей Панин Қостанайда поп-корн сатып жүр. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ол Көкшетау қаласында қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеген болатын.
Көкшетаудағы қойылым алдында жанжал шығарып, жан-жағын балағаттап, тіл тигізген Панин мырза бүгін Қостанайлық көрерменнің көңілін аулап әлек боп жүр. Әртістің айтуынша, шаһардағы кинотеатр қожайындары оны арнайы шақыртып, поп-корн сатушысы ретінде көпшілікпен кездесуді ұсынған. Арақ ішіп абыройын түсіріп алған актер бірден келіскен көрінеді.
Бір оқпен қос қоянды атпақ болған Алексей Қостанайлықтарға «Шуры-Муры» атты қойылымын да арқалай келіпті. Өнер өкілі өзіне шаң жуытпады. Керісінше көкшетаудағы жанжал жергілікті әкімші әйелдің жауапсыздығынан болды деп ақталды.
Алексей Панин, актер:
Сол әкімші әйелдің салдарынан Қазақстан бойынша барлық гастрольдік сапарды өзгертуге тура келді. Әлгі әкімші бізді алдап, ақша төлегісі келмеді. Бірақ біз өткен жолғы олқылықты жою үшін қайта оралдық. Жақсы спектакль алып келдік.
Заңғар САНАЙ