Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда көктемгі су тасқынына дайындық қарбалас

  • AstanaTV
  • 10 наурыз 2014
  • 1363

Оралда көктемгі су тасқынына дайындық қарбалас. Өзен-көлдердегі мұзды жаруға әзірлік жасалып, қатерлі аумақтар әуеден барлануда. Бұған қоса қала ішінен 98 мың тоннаға жуық қар шығарылып, су тасқыны бола қалған кезде қауіпті аймақтан тұрғындарды көшіру жоспары дайындалыпты.

Қаланың орталық көшелері қардан арылғанымен, шаһар маңындағы «Жұлдыз» шағын ауданы мен Зашаған кенті қауіпті аумақ саналады. Осы аумақта ойпатта тұрған үйлерге су қаупін төндірмеу үшін, арықтар салу керек. Оған 1,5 млрд теңге қажет. Биыл тасқынға тосқауыл қоюға бөлінген 152 млн теңгеге жанармай мен 114 мың құм салынған қапшық, өзге де керекті құралдар әзірленіпті.

Тасқынға әзірлікті тек жауапты құрылымдарға жүктеп қоймай, ел болып жұмылу керектігі де тұрғындарға түсіндірілуде. Дегенмен, көктемгі жағдай Орынбор облысындағы Ирикла су қоймасынан Жайық өзеніне жіберілетін судың көлеміне де байланысты болып отыр. Ауа-райын болжаушылар дерегінше, өңірдегі қар қалыңдығы жылдағыдан 1,5 есе көп.


Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:


Негізінен төтенше жағдай болуы ықтимал деген, Орал қаласы, Зеленов, Тасқала, Бөрлі, Теректі және Ақжайық ауданының кейбір елді мекендеріне қауіп бар. Қазір біз Ресейдегі өзіміздің әріптестерімізбен төтенше жағдаймен айналысатын, ақпарат алмасу, сол жөнінде күнделікті жұмыс жүргізіп отырмыз. Облыстағы бар кіші өзендер, Жайық өзенінде күзде ылғал өте көп болды. Қыста да қар көп болды. Соның барлығын ескере отырып, қажетті шаралар қабылдаймыз.


Еркін ҚАРИН