Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан жеріне бортында үш ғарышкері бар Союз ТМА-10М ғарыш кемесі қонды

  • AstanaTV
  • 11 наурыз 2014
  • 1121

Ресейлік және америкалық ғарышкерлер мінген кеме бүгін таңертең Қазақстан жеріне қонды. «Союз» аппаратының қонуын Ми-8 тікұшақтары мен ұшақтар, эвакуациялық машиналар және Ресей авиациясының бірқатар қосалқы техникалары қамтамасыз етті. «РИА Новости» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, кеме экипажы қонуды сәтті орындады.

Кеше ғана ауа-райының қолайсыздығына байланысты ғарыш кемесі 12-наурыз күні қонады деп хабарланған. Дегенмен, көп ұзамай Ресей Федерациясының Ұшу басқармасы орталығы бұл ойынан бас тартып, ешқандай өзгеріс болмайтынын мәлімдеді.

Нәтижесінде, ғарыш кемесінің қонуы бүгін Жезқазғаннан 147 шақырым жерде, Астана уақыты бойынша сағат 9:24-те жүзеге асты. Экипаж құрамында ресейлік ғарышкерлер Олег Котов, Сергей Рязанцев және америкалық астронавт Майкл Хопкинс бар. Бұл ғарыш кемесінің Халықаралық ғарыш станциясынан Жерге қарай ұшқаны түнде Мәскеуде экран арқылы көрсетілді. «Союз ТМА-10М» Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына 26-қыркүйекте аттанған болатын.

Сымбат МОЛДАТАЙ