«Фармация» гепатитке қарсы дәрілерді екі-үш есе қымбат бағамен сатып алған

  • AstanaTV
  • 12 наурыз 2014
  • 1245
«Фармация» гепатитке қарсы дәрілерді екі-үш есе қымбат бағамен сатып алған

Дәрі-дәрмектерді сатып алумен айналысатын "СК Фармация" серіктестігі гепатитке қарсы қолданылатын препараттар мен медициналық техниканы жоғары бағамен сатып алып, бюджетке шығын келтірді. Осыған орай аталған серіктестік жұмысын прокуратура тексерсін. Мәжілістің жалпы отырысында осылай деген Меруерт Қазбекова сауалын Бас прокурордың атына жолдады. "Ақ жол" фракциясы өкілінің дерегінше, СК «Фармация» гепатитке қарсы дәрілер мен медициналық техниканы екі-үш есе қымбат бағаға сатып алған.

Компания аталмыш препараттарды 330 АҚШ долларына сатып алыпты. Ал депутаттар дәл сондай дәрілерді грузиялық мекеме 92 долларға алғанын анықтаған. Меруерт Қазбекова мемлекеттік компанияның дәрі-дәрмек өндірушілермен тікелей шарт жасасып, препараттарды төмендетілген бағамен сатып алу мүмкіндігі бар дейді. Ал олар керісінше, араға делдал салған. "СК Фармация" серіктестігі медициналық техника сатып алғанда да қымбат бағаға жол берген. Сол себепті ақ жолдықтар "СК Фармация" әрекетінің заңдылығын тексеруді сұрайды.

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:

Біздегі ақпарат бойынша гепатиттік тексеруге арналған тоғыз қондырғы «Дельрус РК» фирмасынан 300 млн теңгеге алынды. Біреуі 35 млн тұрады. Ал дәл сол фирманың Өзбекстандағы, Қырғызстандағы филиалдары бір қондырғыны 19 млн теңгеге алған. Сонда аталған құрылғыны біз екі есе қымбатқа сатып алыппыз. Яғни бір аппарат үшін 16 млн теңгені артық төледік. Денсаулық сақтау министрлігі бізге жауап бермеді. Олар барлығы дұрыс алынды деп есептейді. Бірақ біз мұнымен келіспейміз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ