Русский Сайттың толық нұсқасы

"Ішкі істер органдары туралы" Заң жобасы Сенатта бірінші оқылымда мақұлданды

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2014
  • 1270

"Жымысқы" сайттардың жұмысы бірден тоқтатылады. Алда-жалда құзырлы орган электронды ақпарат құралдарынан "секем" алса, Бас прокурор сайтты интернеттен ажыратып тастауға құқылы. Бұл туралы "Ішкі істер органдары туралы" Заң жобасында айтылған. Аталмыш құжат Сенатта бірінші оқылымда мақұлданды.

Бір жылға жуық талқыланған заң жобасында біраз өзгерістер баршылық. Мысалы, травматикалық қаруды қолданыстан мүлдем алып тастау, жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргендерді түрмеге тоғыту, шет елдегі қарулы-қақтығысқа қатысқандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту ұсынылған.

Жаңа құжатта, әсіресе, полицейлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілген. Шенділерге төленетін қаржылай өтемақы түрі көбейеді. Бүгінде полицейлер саны бойынша еліміз жүз мың тұрғынға шаққанда дүние жүзінде алтыншы орында. Десе де, соңғы кезде беделі төмендеп кеткен тәртіп сақшыларына қатысты қоғамдық көзқарасты өзгерту қажеттігі де айтылды.


Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


Әсіресе телеарна, БАҚ арқылы полицияның атқарып жатқан оң, жақсы жұмысын насихаттап, олардың беделін көтеру үшін үлес қосуларымыз керек. ІІМ осы мәселеге тереңірек көңіл бөлу керек деп ойлаймын.


Алайда Бас полицейдің өзі телекамераға үйірсініп тұрмағаны анық. Ол әдетінше Парламент залынан шыққан бойда, журналистерден бұрылып кетті.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ