Риддер қаласында шахта
ұңғымасы опырылып, бір жер үй жер астына тереңге түсіп кетті. Ресми мәлімет
бойынша, тұрғындар дін аман. Ал ұңғыма радиусы, соңғы түскен ақпарат бойынша, 55
метрге ұлғайған.
Жергілікті Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент
таратқан ақпаратқа сүйенсек, апаттан кейін "Алтын Тау Восток"
серіктестігіне тиесілі шахтадан 480 кенші эвакуацияланған. Шахтада жұмыс
тоқтатылды.
Мекеменің дерегі бойынша, топырақтың опырылуынан тұрғын үй 110
метрге құзға, шахтаның он бірінші қыртысына дейін түсіп кеткен. Құтқарушылардың
айтуынша, төңіректегі басқа үйлерге қауіп жоқ.
Ал куәгерлердің сөзіне сенсек,
тағы бір жер үй құлауға шақ қалған. Қазір 120 үйдің аумағын 500 метр радиуста
сақшылар қоршауға алған. Онда аяқ басуға тиым салынған. Апатты баспана
тұрғындары мектепке орналастырылды. Қалада электр желісі мен барлық
коммуникация үзілді.
Виктор Саенко, Риддер қаласының тұрғыны:
Оқиға орнына маңайлап бару мүмкін болмады. Құқық қорғаушылар
бәрін жауып тастаған. Сол маңдағы адамдардың сөзіне қарағанда, бір үй сексен
метрге түсіп кеткен. Бірнеше үй тағы қираған. Оқиға болған сәтте шахтада
адамдар жұмыс жасап жатқан дейді.
Риддердегі ахуалды біз жіті қадағалаймыз. Тілші репортажы Ертең 20.30-да
"Біздің уақыт" бағдарламасында көрсетіледі.
Қанат ОРАЛБЕК