Алматы халықаралық әуежайында
ел қауіпсіздігіне қарсы әрекеттің жолы кесілді. Қытайдың қос азаматынан
Қазақстан төлқұжаттарының бланкілері тәркіленді. Алматы әуежайында қол жүгі
ретінде тіркелген сөмкеден 300-ге жуық төлқұжаттың дайын нұсқасы табылған.
Сондай-ақ күдіктілер паспорттарды түпкілікті дайындап, пайдалануға қажетті бір
орам голографиялық лентаны да қоса алып кетпек болыпты. Мемлекеттік маңызды
құжаттарды астыртын жолмен шетелге шығармақ болған қытайлықтар Гонконг қаласына
бет алған жерінде құрықталды. Қазір бұл факті бойынша Ұлттық қауіпсіздік
комитеті Қылмыстық кодекстің 185-бабы
негізінде іс қозғады.
Эдуард Климов, ҚР ҰҚК Алматы қалалық
шекара отрядының командир орынбасары:
Шекара
қызметкерлерінің қырағылығының арқасында Алматы-Гонконг бағыты бойынша ұшатын
рейстен екі сезікті тексерілген болатын. Нәтижесінде Қытайдың екі азаматы 291
дана Қазақстанның ұлттық төлқұжатын шекарадан алып өтпек болған жерінде құрықталды.
Қазір олар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен уақытша босатылды.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ