Русский Сайттың толық нұсқасы

Сәбиінің туу туралы куәлігін рәсімдеуге барған павлодарлық келіншегінің тірілердің қатарында жоқ екенін естиді

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2014
  • 1434

Сәбиінің туу туралы куәлігін рәсімдеуге барған павлодарлық келіншегінің тірілердің қатарында жоқ екенін естиді. Халыққа қызмет көрсету орталығы «34 жасар Сымбат Бердалина қайтыс болған» деген анықтама берген. Оқыс хабардан есі шыққан отағасы бірден мән-жайды анықтауға кіріседі. Білгені - қаза тапқан әйелінің туған әпкесі болып шыққан. Бірақ не себепті тірі адам мен өлген адамның ауысып кеткендігін біле алмай дал. Бразилиялық телехикаялардың шытырман сюжетіне ұқсас оқиға жайлы өңірдегі тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы баяндасын. 


22 ақпан Алтыбазаровтар әулетіне қуаныш сыйлады. Отбасыда Жасмин есімді бүлдіршін дүниеге келді. Тұңғышынан кейін араға жеті жыл салып өмірге келген қыз бала әке үшін ыстық. Тіпті кішкентайының туу туралы куәлігін де отағасы өзі рәсімдемек болыпты. Алайда халыққа қызмет көрсету орталығына келгенде, төбесінен жай түскендей әсер алдым дейді.


Ерлан Алтыбазаров, Павлодар қаласының тұрғыны:


Сіздің келіншегіңіз қайтыс болған. Осындай жылы. "Өлген адам қалай бала табады?" - деп бетіме қарап тұрып айтты. Естігеннен кейін жүрегім ауырып кетті.


Ерлан Алтыбазаровтың қолында тиісті мекеме берген анықтама да бар. Онда «1979 жылы 24 наурызда туған Сымбат Бердалина қайтыс болған»,- деп жазылған. Бірақ шын мәнінде бақилық болған оның келіншегінің туған әпкесі - Қымбат екен. Көптен бері науқастанған ол осыдан екі жыл бұрын қаза болған.


Сымбат Бердалина:


2011 жылы әпкем қайтыс болған. Сонымен шатастырып алыпты. Мен айттым, ондағылар қайда қарап жүр. Қалай өлген кісі мен тірі кісіні шатастырып алуға болады. Соны істеген кісі жауапқа тартылу керек міндетті түрде.


Берілген актіге сәйкес Сымбат Бердалина 2011 жылдың 26 қаңтарынан өлілер санатында. Бірақ ол тұрақты жұмысын жалғастырып, тіпті банктен несие де рәсімдепті. Осыны түсіне алмаған Ерлан ақпарат құралдарына шағымданды. Облыстық әділет департаменті бәрі ережеге сәйкес жасалғандығын алға тартты. Бірақ тиісті мекемеде Қымбат Бердалина жайлы ақпар жоқ. Ол не өлілер, не тірілер қатарында емес.


Раушан Сәбитова, Павлодар облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы:


Аталмыш азаматшаның қайтыс болғаны туралы медициналық анықтама әділет басқармасына 2011 жылы түсті. Өтініш оның ата-анасынан жазылған. Соның негізінде Сымбат Бердалинаның қайтыс болуы туралы акт толтырылды.


Бір ай бұрын дүние есігін ашқан Жасмин болса, алаңсыз ұйықтап жатыр. Туғанын растайтын куәлігі жоқ сәби. «Әуелі анасының тірі екендігін дәлелдеу керек», - дейді әділет мамандары. Олар бұл мәселе сотсыз шешілмейтінін айтты.


Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ