Русский Сайттың толық нұсқасы

"Арселлор Миттал Теміртау" кәсіпорнының басшылығына ұжымда тұрақтылықтың болғаны тиімсіз

  • AstanaTV
  • 14 наурыз 2014
  • 1607

"Арселлор Миттал Теміртау" кәсіпорнының басшылығына ұжымда тұрақтылықтың болғаны тиімсіз. Олар билікке түрлі талап қойып, қызметкерлерді қысқартамыз деп сес көрсететін көрінеді. Бұл жөнінде Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау  «Кәсіподақтарды жетілдіру және еңбек қатынастарын реттеу туралы» конференцияда мәлімдеді. Сондықтан билік өкілдеріне шетелдік инвесторлармен дауыс көтеріп сөйлеуге тура келетінін айтады.


Альберт Рау, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары:


"Арселлорға" кәсіпорында қиын қарым-қатыныс орнағаны тиімді ме деймін. Болмаса, олар өздері бірдеңе ойлап тапқысы келеді. Мысалы, балалар лагеріне бөлінетін 30 млн теңгені үнемдеп, қиып тастағысы келді. Біз кәсіподақтар арқылы бұл жағдайды реттедік. Тағы 13-жалақыны алып тастау мәселесін көтерді, талаптары орындалмаса, жұмысшыларды қысқартатындарын айтты.


Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен өткен жиында  кәсіподақтардың беделін арттыру үшін «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң жобасын тездетіп қабылдау керектігі сөз болды. Конференцияға қатысушылардың сөзінше, кәсіподақтар 1993 жылы қабылданған ескі заң аясында жүр. Сондықтан олардың жұмысы мардымсыз.


Әбілғазы Құсайынов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:


Қазіргі заманға сай, керек кәсіподақ жоқ. 837 тәуелсіз кәсіподақ бар. Оның 191 кәсіподақ федерациясына кіреді. Бұлар негізінде жұмысшының мүддесін қорғау керек. Еңбек құқығын қорғау керек. Олардың көбі оны жасамайды. Кейбірі саясат жаққа кеткен.


"Сондықтан тәуелсіз одақтар санын қысқарту керек", - дейді Әбілғазы Құсайынов. Алайда бұл пікірге қарсы болғандар да табылды.


Сіздің ойыңызша, тәуелсіз кәсіподақтар болу керек қой?  


Серік Әбдірахманов, Қазақстан еңбек конфедерациясының президенті:


Әрине, Біз 50-60 ұсыныс бердік, бүкіл заңның негізін өзгерту керек деген. Олар қабылданған жоқ. Мысалы, бастауыш ұйым құрылды. Ол міндетті түрде көрсету керек салалық кәсіподақ бірлестігінің құрамында боламын деп көрсету керек. Оны көрсетпесе, тіркелмейді. 


Кәсіподақтардың басты міндеті - еңбек дауына жол бермеу. Алайда бізде еңбек дауын бейбіт жолмен шешкісі келгендерге қарағанда, митинг арқасында жеңіске жету жағдайы жиілеп кетті.  Бұған ескі заңңыз солқылдақтығы себеп. Сондықтан мәселелердің барлығын жаңа заң жобасы реттеп береді деп үміттенеді шенеуніктер.


Айгүл ӘДЕПБАЙ