Русский Сайттың толық нұсқасы

Жоғалған малайзиялық ұшақты сақтандыруға қазақстандық компания да қатысқан

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2014
  • 1673

Жұмбақ жағдайда іс-түссіз жоғалып кеткен малайзиялық ұшақты сақтандыруға қазақстандық компания да қатысқан. Тіпті ұшақ Қазақстан аумағында іздестірілуі мүмкін деген ақпарат тарады. Бүгін тиісті министрлік бұған қатысты ресми мәлімдеме жасады. Ал отандық сақтандыру компаниясы шынымен бар шығынды көтеруге әзір екенін мәлім етті. Мөлдір Бақытқызы тарқатады.


Толассыз тоғыз күн. Іздестіру жұмыстары нәтижесіз. Малайзия билігі арнайы операцияға қатысы бар елдер саны он төрттен жиырма беске артқанын жеткізді. Сондай-ақ іздестіру аумағы ұлғаятынын, оған Қазақстан да кіретінін айтты. Әбден сарсаңға түскен іс-кесушілер елімізден спутниктік суреттерді сұратуда.


Наджиб Разак, Малайзия премьер-министрі:


Ұшақ екі бағытта іздестіріледі. Ол Солтүстікте Таиланд арқылы Қазақстан-Түркіменстан аумағына дейін, немесе оңтүстікте Үнді мұхиты арқылы Индонезия аумағы.


Ал Қазақстанның Көлік және коммуникация министрлігі бұл жорамал қисынсыз дейді. Алып лайнердің басқа елдің әуе кеңістігінен аттау - заманауи навигациялық жүйелерден ескерусіз қалмайды. Құзырлы мекеме әуе кеңістігінде тап сол күні болған ахуалды баяндап берді.


Серік Мұхтыбаев, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:


"Қазаэронавигация" 8 наурыз күні Қазақстан әуе кеңістігінде "Malaysian Airlines"-тің тоғыз рейсі ұшып өткенін, олардың діттеген жеріне жеткенін анықтап отыр. Ал жоғалған ұшақ бізге жеткен күннің өзінде, қаншама мемлекеттердің аумағын басып өтпейді ме? Бірінші кезекте сол елдер оны байқар еді. Сондықтан, ол техниканың біздің аумақта болуын немесе ұшып өткенін жоққа шығарамыз.


Бүгінге дейін Малайзия тарапынан көмек сұрап, ешкім хабарласпаған. Ұшты-күйлі жоғалған ұшақтың елімізге әйтеуір бір қатысы бар болып шықты. Бүгін "Малайзия Эйрлаинс" компаниясының "Боинг-777" ұшағын сақтандыруға қазақстандық компания қатысқаны белгілі болды. Іздеу шаралары жалғасып жатса да, сақтандыру компаниялары қалтасынан шығатын шығынды есептеп қойыпты. Алып ұшақ пен тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін бір ғана Қытайдың өзінде он сегіз компания өз мойнына алған.


Самат Қабдолов, "Евразия" СК АҚ атқарушы директоры:


Көптеген компаниялар ұшақтың бөлінуін 100 миллион доллар, жолаушылар алдындағы жауапкершілік те сол жүз миллион долларға жуықтайды деп есептеп отыр. Әрине, нақты шығын көлемі белгіленген соң, біздің компания да оны өтейді. Алдымен бәрі анықталуы тиіс.


Еске салайық, Куала-Лумпурден Бейжіңге бағыт алған "Боинг-777" ұшағы сегізінші наурызда жоғалып кетті. Бортта 227 жолаушы мен 12 экипаж мүшесі бар. Малайзия билігі Бейжіңге бағыт алған Боингтің бір сағаттан соң бағытын күрт батысқа өзгерткенін мәлімдеді. Содан соң биіктікті бір жарым мың метрге төмендеткен. Бұл спутник радарынан жасырынуы үшін, қасақана жасалған деген болжам айтылуда, яғни ұшақ айдалып кетті деген жорамал негізгі версия ретінде қарастырылып отыр.


Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ