Русский Сайттың толық нұсқасы

«Кеденшілер ісі» бойынша жақын күндері үкім шығуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 17 наурыз 2014
  • 950

Қытай мен қазақ шекарасында астыртын сауданың көрігін қыздырған «кеденшілер ісі» бойынша жақын күндері үкім шығуы мүмкін. Алматыдағы «СИ-18» тергеу изоляторында жалғасын тапқан сот жарыссөздерге көшті. Прокуратура өкілдері күдіктілерге қатысты айыптау қорытындысымен де таныстырды.

Мемлекеттік
айыптаушылар осы қылмыстық істің басты ұйымдастырушыларын 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Ал ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және экономикалық контрабандамен айналысты деп айыпталғандардың өзге өкілдері кем дегенде 6 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін.

Ең
ауыр айыптар Алматы облыстық Кедендік бақылау департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев пен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің депаратемент жетекшісі болған Талғат Жақаевқа тағылды. Бүгінгі сот отырысында Жақаевтың қорғаушысы бір жылға созылған сот тергеуінде күдіктіге тағылған айыптар дәлелін таппағанын айтты.

Адвокаттың
айтуынша, прокурорлардың келтірген деректерінде қылмыстың жасалған уақыты, орны мен оның әдіс-тәсілдері көрсетілмеген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің контрабандашылармен қашан және қандай жағдайда сөз байласқаны да анықталмаған. Заңгердің пікірінше, істе Жақаевтың өзге айыпталушылармен байланыста болғанын дәлелдейтін аудио және бейнематериалдар да жоқ.

Дина Сәрсенова, Т.Жақаевтың адвокаты:

Өткен аптаның соңында прокурорлар бұл іс бойынша айыптау қорытындысымен таныстырған болатын. Қорғауымдағы Талғат Жақаевтың кінәсіздігін дәлелдеу үшін мен бүгін 2,5 сағат бойы сөйледім. 2011 жылдың 6 мамырында ұсталған күннен бастап бүгінге дейін оған жамалған қылмыстық істер қолдан жасалды деп есептеймін. Айыптаушы орган оның контрабандаға қатысы барлығын үстіртін фактілермен ғана келтірді. Ал нақты дәлеледер сол күйі келтірілмеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ