Русский Сайттың толық нұсқасы

Шекарада ұсталған екі қытайлық азамат төлқұжат жасайтын құрылғыны шығаратын француз компаниясының қызметкерлері болып шықты

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2014
  • 1233

Ішкі істер министрлігі «Шекарашылар шұғыл шешім шығарып, «шалыс» басты» деп санайды. Кеше ғана Шекара қызметі 300-ге жуық Қазақстан төлқұжатын қалтасына басқан екі қытайлық азамат Алматы халықаралық әуежайында ұсталғаны туралы хабар таратқан. Қырағы шекарашылар мұны ел қауіпсіздігіне төнген қатер десе, бүгін Ішкі істер министрлігі бұл ақпараттың жалған екенін жариялады.

Борис Омаров, «Ақпараттық-өндірістік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорын директоры:

Бәрі болған, бәрін көрсеткен. Шекарашылар оны ойлап қалған шын бланктар кетіп бара жатыр, ертең олар жалған 
құжат жасап, Қазақстан жаққа келеді ғой деп. Біз ол құжатты Қытайға беріп отырған жоқпыз, келісім-шарт арқылы Arjo Wiggins компаниясына. Және олар - компанияның заңды өкілдері.

Ұсталған екі қытайлық азамат - төлқұжат жасайтын құрылғыны шығаратын француз компаниясының қызметкерлері болып шықты. Қазақстан құрылғыны сатып алмас бұрын, тексеріп алуды жөн санапты. Ол үшін біздің тарап паспорт бланкілерінің бояма көшірмелерін беріп жіберген.

Бүгін көрсетілгендей, тестілеуге арналған үлгілердің беті қарапайым ақ қағаздар ғана. Қолданыстағы төлқұжаттың су белгілері мен арнайы қорғаныс дәрежесі де көшірмеде жоқ. Ішкі беттеріне нөмір қойылмаған, «үлгі» деген сөз жазылыпты.

Борис Омаров, «Ақпараттық-өндірістік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорын директоры:

Қазіргі басты мәселе - Франция мен Қытай елшілігі біздің Сыртқы істер министрлігіне, сондай-ақ шекара қызметіне нота дайындауда. Себебі, қытайлық екі азаматтың құқығы бұзылып отыр, олардың қолында тиісті құжаттар болған.

Еске салайық, кеше Алматы халықаралық әуежайында Қазақстан төлқұжаттарының бланкілері тәркіленді. Сөмкеден 300-ге жуық төлқұжат пен оларды түпкілікті дайындайтын бір орам голографикалық лента табылған. Гонконгқа бет алған екі қытайлық азамат құрықталып, кеше Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қылмыстық іс қозғаған болатын.

Сымбат МОЛДАТАЙ