Русский Сайттың толық нұсқасы

«TECHNO TRADING» компаниясының жұмысшылары айлықты көбейтуді талап етеді

  • AstanaTV
  • 04 сәуір 2014
  • 1797

Маңғыстау облысының Жетібай ауылында жалақының көтерілуін сұрап ереуілдеткен жұмысшыларды өңір басшысы қолдады. Облыс әкімі Алик Айдарбаевтың айтуынша, жұмыскерлер талабы орынды.

Дәл бүгін Ақтауда еңбек дауларының алдын алуға бағытталған дөңгелек үстел өтті. Жұмыс беруші компаниялар мен кәсіподақтар жұмысшылар мәселелерін еңбек ереуілдеріне дейін ушықтырмай шешу жолдарын іздеді.

Жалақы көтерілсін! Бұл «TECHNO TRADING» сервистік компаниясының ереуілдеткен жұмысшыларының басты талабы. Айтуларынша, олар ауыр жұмыстан 100, әрі кетсе 120 мың теңге алады. Ал мұнай бұрғылаушы өндіріс ошақтарының құбырларын жөндеу оңай шаруа емес.

Сәйкесінше шайлықтарына ғана жететін айлық әлдеқайда артық болуы тиіс. Сондықтан да 40 пайызға көтеруді сұрады. Ал компания басшылары ереуілшілер талабын орындаған болып, еңбекақыны 20%-ға өсірген. Алайда қара жұмыстан қабырғалары қайысқандар бұл көтерме жыртығымызға жамау болмайды дейді.

Роза Кенжиева, «TECHNO TRADING» ЖШС операторы:

Сол біздің талабымыз - айлықты көбейтсін. 20% ол дым емес, тамақ қымбат, 120 аламын, күйеуіммен -240.

Мырзабек Ізенов, «TECHNO TRADING» ЖШС кран жұмысшысы:

Бізден басқа да ЖШС-тер істейді мұнайшыларға. Олардың айлығымен салыстырғанда, біздің айлық жартысына да жетпейді. Айлықты, соцпакеттерді солармен теңестірсін, біз мұнайшылармен емес, сол ЖШС-мен теңестірсін деп сұраймыз.

Ал бүгін жұмысшылар мәселесі жоғарғы деңгейде қаралды. «Қазмұнайгаз» басшылығының қатысуымен еңбек дауларының алдын алуға бағытталған дөңгелек үстел өтті Ақтауда. Оған ірі мұнай компанияларының жұмыс берушілері мен кәсіподақтар қатысты. Ұлттық компания басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев кез келген дауды келіссөз арқылы шешу керек деген ұстанымын білдірді.

Сауат Мыңбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы:

Еңбек дауларын шешу шаруасы бір жақты әрекетпен бітпейді. Келісімді барлық тараптар бірігіп іздеуі керек. Яғни жұмыс берушілер, жұмысшылар мен кәсіподақтар бір үстелге отырып, еңбек дауларының алдын алу керек. Сонда түсінбестік туындамайды.

Енді өңірде әлеуметтік еңбек кикілжіңдері бұрқ етпеу керек. Еңбек дауларын ереуілге дейін ушықтырмай, келіссөздер деңгейінде шешуге мүмкіндік беретін келісімге қол қойылды. Тараптар бұл құжатқа үлкен үміт артып отыр. Ал Жетібай жұмысшыларының ереуіліне қатысты бітімгерлік комиссия құрылды.

Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Мәселен, "Techno Trading» компаниясының Жетібайдағы құбыр цехының талаптары Өзендегі құбыр цехынан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан олардың жалақыларының көтерілуін талап еткені орынды деп санаймын.

Ендігі шаруа дөңгелек үстел барысында құрылған бітімгерлік комиссиясында. Оған мәселенің ақ-қарасын анықтап, бұл жағдай сервистік компанияның одан арғы жұмысына әсер етпеуін қадағалау тапсырылды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ