Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО Қызылжар ауданына қарасты тұрғындар орталық емханадағы шексіз кезектен шаршаған

  • AstanaTV
  • 18 наурыз 2014
  • 1057

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына қарасты тұрғындар орталық емханадағы шексіз кезектен шаршаған. Айтуларынша, науқастардың қатары онсыз да қалың, оның үстіне оқушылар мен жеке кәсіпорындар қызметкерлерінің жоспарлы тексерістен өтуі басталып, жағдай тым қиындап кеткен. Ал дәрігерлер барлығын қабылдауға үлгерер емес. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин емхана кезегінде тұрып қайтты. 

Емдеу мекемесінде қарбалас таң қылау бере басталады. Соңғы күндері емханаға жаппай ағылған оқушылар мен жеке кәсіпорын қызметкерлері науқастарға дер кезінде ем алуға кезек берер емес.


Күн болса, бесінге таяды, ал Қызылжар аудандық орталық емханасында пациенттердің ұзын-сонар кезегі әлі қысқарар емес. Тура сағат бірде дәрігерлер түскі үзіліске кетеді. Ал қараша орындарынан айырылып қалмас үшін тағы сағаттап тұруға мәжбүр.


Павел Кирилленко:


Менің аяғымда гангрена пайда болды. Таңғы сегізден бастап отырмын. Жасым 75-те. Мына кезекте дәрігерге тез арада өте аласың ба?


Роза Тәжібаева:


Дәрігерлер науқастарды жарты сағаттап ұстайды кабинеттерінде. Регламент қайда? Неге бәрін ұйымдастырып жасамайды? Кәсіпорын қызметкерлерін бір бөлек, науқастарды бөлек қабылдасын.


Светлана Галкина:


Медициналық комиссияны бір күнде өтуге мүмкіндік жоқ. 2-3 күнге созылады. Соның кесірінен жұмыстан қалып, ақшадан қағылып отырмыз.


Бас дәрігердің орынбасары жағдайдың ушыққанын мамандардың тапшылығымен түсіндіріп отыр. Қазір емханада 46 дәрігер еңбек етіп жүр. Ал ауданда 45 мыңға жуық халық бар. Десе де дүйім жұртты қабылдауға бұл сан да аздау болып тұр.


Александр Құдайбергенов, Қызылжар аудандық орталық емнахасы бас дәрігерінің орынбасары:


Қазір бізге шамамен 7-9 маман жетіспейді. Мысал ретінде, окулист дәрігер декреттік демалыста. Бірақ амалсыздан жұмысқа шақырттық. Ол жарты-ақ күн жұмыс істейді. Осы уақыттың ішінде бәрін қабылдап үлгеруі тиіс. Бірақ үлгермегендіктен, кешке дейін отыруға мәжбүр. Бір адамның көзін дұрыстап тексеру үшін 20-30 минут уақыт қажет.


«Жағдай жасалса да, жастардың ауылға қайтқысы жоқ», - дейді емдеу мекемесінің басшысы. Айтуынша, биыл Қызылжар ауданының 13 азаматы еліміздегі медициналық академияларды бітіріп, жоғары санатты маман атанған. Алайда соның тек үшеуі ғана туған ауылға оралуға ынта білдірді.


Серік Алмолдин, Қызылжар аудандық орталық емханасының бас дәрігері:


Түлектерге 300 мың теңгеден артық көтерме ақы беріледі. Оның 120 мыңы ел қазынасынан берілсе, қалғаны бюджеттік емес қорлардан бөлінеді. Бұдан бөлек жеке үй салғысы келсе, арнайы жер учаскесі қарастырылады. Я болмаса, жергілікті жатақханадан бір бөлме беріледі. Бар жағдай жасалған. Бірақ жастар көбінде қалада қалуды құп көреді.


Кадр тапшылығы теріскейдің түкпір-түкпірінде байқалады. Жалпы ауылды аймақтар 87 маманға мұқтаж. Ал Петропавлда одан да көп - 150-ге таяу.


Олжас Қабижанов, СҚО Денсаулық сақтау басқармасының қызметкері:


2013 жылы мемлекеттік гранттар мен «дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстанда 104 маман жұмысқа орналасты. Соның 45-і елді-мекендерде еңбек етуде. Қазір медициналық мекемелердің бюджеттік емес қаражаттарына 24 студент оқып жатыр. Артынша олар бізде жұмыс істеуге міндетті. Жалпы, теріскейде дәрігерлерге сұраныс әлі де жоғары.


Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің айтуынша, маман тапшылығы әлі кемінде 2-3 жылға созылады. Демек, емдеу мекемелеріндегі ұзын-сонар кезек мәселесі бүгін-ертең шешіле қоймас.


Абзал ҚҰРМАНКИН