Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда қатты соққан жел келтірген зардап есептелуде

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2014
  • 983

Ауа райының асау мінезі атыраулықтарды біраз әуре-сарсаңға салды. Тек бір тәуліктің ішінде күшті дауыл облыстағы 70-тен аса нысанға залалын тигізіп үлгерді. Зардап шеккендер жоқ.

Екпіні секундына 25 метр болған күшті жел 40-тан астам нысанның шатырын жұлып кеткен. Оның жартысына жуығы - әлеуметтік нысандар. Қаладағы кейбір мөлтек аудандарда, сондай-ақ, бірқатар елді мекенде электр жүйесінің бөгелісі болды. 4 үлкен ағаш құлап, 1 тұрғын үйдің жылыту қабырғасы жұлынды. Алапат дауыл жолындағыларды жайпап өтті. Кейбір аялдамалар да құлады.

Асау ауа райы әуежайдағы бірнеше рейстің жолын бөгеді. Стамбул, Астана, Алматы, Ақтау қалаларына жол тартатын ұшақтар ұшпай қалды.

Төтенше жағдайлар мамандарының айтуынша, қазір жағдай тұрақталған. Барлық нысандарда назарға алынып, жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен құтқарушылар бүгін де жел екпіні қатты екенін айтады. Секундына 17-22 метр аралығында болады деп ескертіп отыр.

Марат Құрманов, Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

Соңғы мәлімет бойынша ауа райы облыстағы 76 нысанға әсер етті. Үлкен зардап шеккен нысандардың бірі - Атырау халықаралық әуежайы. Әуежай нысанының шатырының жартысы, терминалдың шатыры жұлынды. Әуежайдан адамдар оқшауланды. Кейбір рейстер тоқтатылды. Қазір бәрі қалпына келтірілді. Барлық бағыттағы ұшақтар ұшып жатыр. Сонымен қатар
, мұз айдынының да шатыры ұшып кетті.

Базаргүл ІЗІМОВА