Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда тасқынның алдын алу туралы шұғыл штаб отырысы өтті

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2014
  • 983

Оралда су тасқынының алдын алу ісіне 2 мыңға жуық маман жұмылдырылды. Қазір қаладағы көшелер мен шаһар шетіндегі елді мекендер еріген қар суынан тазартылуда.

Дегенмен, мамандар пайымынша, тасқынның болу-болмауы ауа райына байланысты. Сондай-ақ жоғарыдан су жіберетін көршілес Ресей облыстарына да тікелей байланысты. Өйткені, Ирикла суқоймасынан жіберіліп жатқан судың мөлшері былтырғыдан екі есеге көп. Қазір мұз жару жұмыстары облыстың Тасқала ауданында жүріп жатыр, ертең Оралдағы тоғандарда жалғасады. Сондай-ақ, су тасу қаупі бар аудандар әуеден барланады.

Орал қаласы мен аудандарда 1 мың 200 адамға арналған уақытша паналау бекеттері әзірленіпті. Ал су басу қаупі бар саяжай тұрғындарына күні бұрын ескерту жасалып, уақытша паналау қосындарының қайда орналасқандығы туралы нұсқаулық таратылуда.

Қадыр Бисембаев, Батыс Қазақстан облысы ТЖД басшысы:

Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, жақын арада ылғал мөлшері қалыпты жағдайдан көп түсіп, қар аралас жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Егер Жайық өзені арнасынан асқан жағдайда оның сағасындағы саяжайларға қатер төнеді. Ал Жайықтың төменгі жағындағы елді
мекендерге қауіп жоқ.

Еркін ҚАРИН