Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Қазақстан облысында заңсыз тұрып жатқан шетелдік азаматтар анықталды

  • AstanaTV
  • 19 наурыз 2014
  • 1338

«МИГРАНТ» жедел-алдын алу шарасы барысында Оңтүстік Қазақстан облысында іздеуде жүрген 4 қылмыскер құрықталды. Екеуі - мемлекетаралық іздеу жарияланған шетел азаматтары.

Тұрғын үйлер мен жертөлелерді тексеру кезінде бір топ келімсек наубайханаларда жасырын нан пісіріп жүрген жерінен ұсталды. Тәртіп сақшылары шетел азаматтары еш жерде тіркелмей, табыс тауып жүргенін айтады. Арзан жұмыс күші ретінде жергілікті жерде таптырмайтындықтан, олар құрылыс жұмыстарына да көптеп тартылады. Құрылыс нысандарын қарау барысында құжатсыз жүрген Өзбекстан азаматтары топ-тобымен шықты.

Айта кетейік, өңірде бір апта ішінде көші-қон заңдылығын бұзған 700-ден аса құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Мигранттар көпшілік шоғырланған базарлар, вокзал мен саяжайларды паналағаны белгілі болды.

Көші-қон полицейлері мыңнан аса шетелдікті тексеріп, шекара асу заңдылығын бұзған 191 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның 19-ы сот шешімімен елден аластатылды. Ал 72 келімсек ел аумағына екінші қайтара кіре алмайды. Олардың заңсыз жүруіне ықпалдасқандарға да шара қолданылады.

Нұрдәулет Төлегенұлы, ОҚО ІІД Көші-қон басқармасы бастығының орынбасары:

Шетел азаматтарын заңсыз баспанамен қамтамасыз еткен 49, шетел жұмыс күшін пайдаланғаны үшін 22 Қазақстан азаматтары анықталып, оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 95, 96-талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік шарасы қаралды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ