Русский Сайттың толық нұсқасы

Еңбекақы тек қана ақшалай және тек қана ұлттық валютада беріледі

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2014
  • 1540

Енді еңбекақы тек қана ақшалай және тек қана ұлттық валютада беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Парламент Сенатының отырысында мәлімдеді. Министр таныстырған «Ең төменгі жалақыны белгілеу және жалақыны қорғау туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобаларына сенаторлар қолдау білдірді.

Алайда сенатор Еңсегеновтің айтуынша, конвенцияның төртінші бабында еңбекақыны ақшалай ғана емес, ішінара заттай төлеуге мүмкіндік беретін үш жағдай қарастырылған. 


Сәрсенбай Еңсегенов, ҚР Парламенті Сенатаның депутаты:


Бірінші, ұлттық заңнама рұқсат етсе, екінші, ұжымдық шарттарда қаралса, үшінші, төрелік шешімнің шешімі болғанда, жалақыны ішінара заттай беруге болады. Осыған орай қазірде елде жалақыны ішінара немесе толықтай заттай төлеу фактілері бар. Енді мына конвенция күшіне енгенде, басымдық күшке ие болатыны белгілі. Егер ұжымдық шартта келісіп, ішінара заттай төлеп жүрсе, осыған орай қайшылық болмай ма?


Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:


Ондай фактілер бар, өздеріңізге белгілі. Еңбек заңында көрсетілген еңбекақы ұлттық валютада ақшалай төленеді. Сол норма толық орындалатын болады. 


Сенаторлар бір мамандық бойынша жұмыс істейтін қазақ азаматы мен шетел азаматының жалақыларындағы айырмашылықтың жер мен көктей екеніне тағы да наразылық білдірді. Жалақы бойынша әділетсіздік әсіресе шетелдік инвесторлар басқарып отырған мұнай компанияларында шаш етектен. 


Қожахмет Баймаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:


Техника қауіпсіздігі маманы болып мұнай компаниясында қытайдың азаматы істеген. Ол 5 мың доллар алған, кейін оның орнына қазақ азаматын қойған. Ол 500 мың тенге алған. Осы жағын қадағалауға бола ма, қазақ пен қытайдың айырмашылығы не сонда? Алды ма, сол Қытайдың азаматына берген айлықты төлесін.


Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:


Еңбек занамасында көрсетілген, егер де бірдей еңбек болатын болса, онда бірдей еңбекақы төлену керек. Қылмыстық кодекс пен Әкімшілік кодекске біз жұмыс берушілердің жауапкершілігін көтеру үшін осы мәселені қойдық. Егер 1-2 рет қайтарылатын болса, мына Әкімшілік кодекстке 20 АЕК-тен, ең төменгісі, 100-ге дейін. Ал Қылмыстық кодексте болатын болса, 4 айға дейін сол еңбек кодексін бұзған азамат қоғамдық жұмысқа жеберіледі.


Алайда еңбек заңнамасын сақтап, қазақ азаматы мен өзінің отандасына тең жалақы төлеп отырған шетелдік компания бізде некенсаяқ. Ал қазақ пен шетелдіктің жалақысын теңдестіруге тырысып жүрген министр өз жалақысы жайында қойылған сұраққа іркіліп қалды.


-Жалақыңыз қанша?

-Жалақым қанша? Е-е, 600 мыңның көлемінде шығар.


Айгүл ӘДЕПБАЙ