Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанаға Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін мемлекет қазынасынан 325 миллион теңге бөлінді

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2014
  • 1108

Астанаға Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін мемлекет қазынасынан 325 миллион теңге бөлінді. Оның 175 миллионы қаланы безендіру үшін, қалған 150 миллион теңге мерекелік шараларға бағытталды. Осылай деп бүгін баспасөз отырысы барысында Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов мәлімдеді. Айтуынша, негізгі мерекелік іс-шаралар наурыздың 21 мен 22-сі күндері өтеді.

Бас қалада 68 киіз үй тігілмек. Негізгі шаралар «Қазақ елі» монументінің қасында өтеді деп жоспарланған. Айта кетейік, биыл Әз-Наурызды тойлау үшін Астанаға еліміздің 7 өңірінен 350-ден астам өнер майталмандары жиналып, бас-аяғы 300-ге жуық мерекелік бағдарлама өтеді деп күтілуде.

Сондай-ақ, осы күндері қаланың сауда орталықтарында, ойын-сауық орындарында 10%-дық жеңілдіктер жасалады. "Әлеуметтік аз қамтылғандарға да көмек болады", - дейді ішкі саясат басқармасының басшысы. 


Болат Тілепов, Астана қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы:


Жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты зейнеткерлерге ақшалай материалдық көмектен бөлек, қарттар үйінде, мүгедектер емханасында арнайы мерекелік дастархан басында түрлі қойылымдар көрсету, сонымен қатар цирк пен қаламыздағы барлық кинотеатрларда жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға тегін көрсетілімдер көру сияқты бастамалар бар.


Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА