Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматылықтар Наурыз мейрамын тойлап жатыр

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2014
  • 987

Ал, Алматыда Ұлыстың ұлы күніне арналған негізгі мерекелік шаралар, ертең, яғни 22-наурызда өтеді. Дегенмен, бүгін қаланың 7 ауданында ыстық бауырсақ пен Наурыз көже таратылды. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, спорттық жарыстар қызды. Сондай-ақ, келушілерге арналған мерекелік концерт те өтіп жатыр. Алматылықтардың мерекелік көңіл күйін, әріптесім Ришат Асқарбекұлы той ортасынан жеткізеді. Ришат, мереке құтты болсын, Сіз эфирдесіз.

Қайырлы күн, Илхам! Иә, ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз мерекесі бүгін Алматыда тойлана бастады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, халық ертемен шаһардың арнайы белгіленген аумақтарына жиналады. Думанды мереке қаланың барлық жеті ауданында бүгін атап өтілмек. Осыған орай халық көп жиналатын алаңдарға киіз үйлір тігіліп, аста-төк дастархан жайылған.

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес, 2010 жылдан бері бұл күн, яғни 21 наурыз Халықаралық Наурыз мерекесі болып белгіленген. Ежелгі дәуірден қалыптасқан дәстүр бойынша наурыздың 21-нен 22-сіне қараған түні күн мен түн теңесіп, жаңа жыл басталады. Сондықтан, біздің халық бұл мерекені 22 наурыз күні атап өтуді әдетке айналдырған.

Барша халықты татулық пен бірлікке, ізгілік пен мейірімділікке үндейтін ұлық мейрамның тарихы тереңде. 3 мың жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказ бен Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллионнан астам адам тойлап келеді. Соның ішінде қазақ халқы да осы жаңару мерекесін ерекше атап өтеді. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Дәстүр бойынша мейрам Қазақстанда бір ай бойы тойланады.

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамында Қазақстан халқы 5 күн демалатын болды. Ертең өтетін негізгі мерекелік шаралар туралы аз-кем ақпарат. «Қазақ ауылы» деген атаумен бас алаңда 13 киіз үй тігілген. Одан тыс шеберлер ауылы, ұлттық алтыбақан және балаларға арналған «Play аумақ» ораналасқан. Ал түстен кейін шара Қазақстан өнер шеберлерінің концертімен жалғасады. Синоптиктер ертең Алматыда күн ашық болады деп болжап отыр. Менде әзірге осы. Илхам.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ