Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл топырағында цирк өнері өркендеп келеді

  • AstanaTV
  • 21 наурыз 2014
  • 1415

Тобыл топырағында цирк өнері өркендеп келеді. Мәселен Затобол кентінің мәдениет үйіндегі үйірмеге бүгінде қырық бүлдіршін қатысады. «Арена чудес» деп аталатын бұл ұжым өңірде өтетін барлық мерекелік шараға шырай беріп жүр. 30 жыл бұрын студия болып ашылып, өз жұмысын бастаған топ қазір «халық цирк ұжымы» деген мәртебе алды.


Цирк үйірмесіне талапты балғындар 7 жастан қабылданады. Олар аптасына үш рет жиналып, үш сағат бойы жаттығу жасайды. Аудандық мәдениет үйінде арнайы арена жоқ. Бірақ бүлдіршіндер дәл осында цирк өнерінің әліппесімен толықтай танысып шығады.


Татьяна Калашникова, "Арена чудес" халық цирк ұжымының жетекшісі:


Біздің жұмыс өте күрделі. Ауыртпалығы көп. Жас әртістердің сахнада көрсеткен тамаша нөмірі көрерменге өте оңай көрінуі мүмкін. Бірақ біз сол көрерменнің көңілінен шығу үшін, керемет нөмір көрсету үшін 3 айдан 6 айға дейін маңдай терімізді төгіп жаттығамыз.


Цирк - ұжымдық өнер. Сондықтан топ ішіндегі татулық, бір-біріне жәрдем көрсету - үйірме мүшелері үшін жазылмаған заңдылық. Үлкен сахналарға шығып өнер көрсетіп жүрген жас таланттар білген-түйгенін жаңа келген балғындарға үйретеді.


София Литвиненко, цирк үйірмесінің мүшесі:


Менің шеңбермен өнер көрсетуім сәтті шығып жүр. Үлкендер үнемі үйретіп, шеберлігімді шыңдауға көмектеседі.


Диана Байзрахманова 9 жылдан бері сан-алуан сахнада шеберліктерін көрсетіп, көрермен көзайымына айналған талантты ару. Ол «Арена чудестің» белді мүшесі. Ауада ілінген шеңберді шыр айналғанда, еріксіз таңдай қағасың. Бұл цирктегі күрделі орындаулардың қатарына жатады. Диана жаттығуларды ешқандай сақтандырғыш қолданбай, жасқанбай жасайды.


Диана Байзрахманова, цирк үйірмесінің мүшесі:


Ең басты сақтандырар күш - адамның өз-өзіне деген сенімділігі, ішкі қуаты. Әрине, күрделі трюктерді жасағанда, қауіпсіздік үшін сақтандырғыш қолданатын кезіміз болады. Алайда бойыңда сенімділік болмаса, ешқандай да қауіпсіздік шарасы сені құтқара алмайды.


Аудандық мәдениет үйінің сахнасын жаттығу залына айналдырған үйірменің бар жарағы түгел емес. Дегенмен жетістіктері көңіл көншітерлік. Қостанайлық «Арена чудес» ұжымы кәсіби цирктің қатарына жатпайды. Алайда аудандық үйірменің түлектеріне астаналық цирктерден сұраныс көп. Бұл балғындардың маңдай теріне лайық берілген марапат, мол сенім секілді.


Заңғар САНАЙ