Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда «ВГИК» күндері өтуде

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2014
  • 1283

Алматыда Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының мерейтойлық күндері өтіп жатыр. Төрт күнге созылатын мәдени шара Алматыдағы киномен байланысты өнер ордаларының барлығын қамтымақ. Биыл осы әйгілі өнер ордасына 95 жыл толып отыр.

Қазақ кино өнерінің майталман режиссерлері мен кинотанушыларының білім алып, алға басуына осы оқу орнының үлесі зор. Оның тарихы Алматымен де тығыз байланысты. Соғыс жылдарында аталған институт сол кездегі Қазақстан астанасына қоныс аударып, біраз жыл тұрақтаған. Онымен бірге «Мосфильм» мен «Ленфильм» де Алматыға көшіріліп, Жетісу жеріндегі киноның дәуірлеу кезеңіне тұспа-тұс келді.

Әлемдік кино классигі - Сергей Эйзенштейн де аталған институттың оқытушысы ретінде қазақ жеріне көшіп келген. Ал осы жылдары қазақ киносының майталмандары Мәжит Бегалин, Сұлтан-Ахмет Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтар аталған кинематография институтында оқуға мүмкіндік алған. Оқу орнының мерейтойлық шарасы өткен демалыс күндері Алматыдағы Лермонтов атындағы Академиялық драма театрында ресми түрде шымылдығын түрді.

Сергей Азимов,
режиссер:

Соғыс кезінде 1941 жылдан 44 жылға дейін ВГИК Алматыда болған. Қазақ халқының жомарттығының арқасында үлкен мемлекеттің бүкіл мәдениетіне пана бола білдік. Енді міне қанша жыл өткенде, ВГИК осы жомарттыққа алғыс ретінде Алматыға бірінші бас бұрып, өзінің мерейтойлық шараларын өткізіп жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ