Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде төрт жұлдызды қонақ үй ашылды

  • AstanaTV
  • 26 наурыз 2014
  • 2043

Өскеменде заманға сай, толық жабдықталған төрт жұлдызды қонақ үй ашылды. Қонақ үйді түріктің әйгілі Дадеман қонақ үйлер желісі компаниясы салған. Енді соңғы үлгідегі нысан келушілерге мінсіз қызметін ұсынатын болады.


Жаңа қонақ үйде барлығы 185 орын бар. Әр бөлме келген қонаққа жайлы етіп жабдықталған. Бұл Дадеман компаниясы салған отыз тоғызыншы қонақ үй. Ертіс жағалауында орын тепкен ғимараттың жобалық құны 4,5 миллиард теңге.

  

Бердібек Сапарбаев, ШҚО әкімі:


Енді бұл біздің қалада бірінші рет ашылып тұрған 4 жұлдызды қонақ үй. Өздеріңіз білесіздер, облысымыз дамыған сайын оған құйылған инвестициямен келер қонақ та көп. Осы қонақ үйдің ашылуы орынды болды.


Инвестерлардың айтуынша, табиғаты көркем Шығыс Қазақстанға қонақ үй салу бұрыннан ойларында жүрген екен. Соның сәті енді туыпты.


Кебар Ганиев, TAVROS компаниясының ШҚО өкілі:


Шығыс Қазақстан табиғаты әдемі, тамаша жер, сондықтан мұнда қонақ үй салып отырмыз. Демалуға, жұмыс бабымен мұнда ат басын бұратын адамдар саны көп. Себебі өңірдің даму әлеуеті мықты.


Жаңа қонақ үйде келушілерге екі мейрамхана, бірнеше бар мен спа-салон, жаттығу залдары мен әйгілі түрік моншасы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ мәжіліс залдары мен келіссөздер бөлмесі жабдықталған. Енді мұнда халықаралық деңгейдегі келіссөздер жүргізілетін болады.


Марат Иғалиев, ҚР ИЖТМ индустрия және туризм комитетінің төрағасы:


Әр турист алдымен қайда тұрып, не жейтінін ойланады. Сондықтан біз келушілерге барлық жағдай жасауға тырыстық.


Дедеман қонақ үйлер желісі компаниясының көмегімен енді шығыстағы туризм жаңа қарқынмен дами түспек.


Қанат ОРАЛБЕК