Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада мүгедек балалардың құқығы тапталған фактілер анықталды

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2014
  • 2350

Астанада кемтар балаларға арналған мекемелерге жүргізілген тексеріс қорытындылары көңіл көншітпейді. Бұл туралы қалалық прокуратураның өкілдері мәлімдеді.

Аталмыш мекемелерде сурдопедагог, логопед сынды білікті мамандар тапшы болса, екі оңалту орталығында санитарлық нормалар сақталмаған. Астана қаласы бойынша кемтар балаларды түзететін жалғыз арнайы мектеп интернатының өзі балалардың білім алуы мен өмір сүруіне толық мүмкіндік бермейтін көрінеді. Мектепте сыныптар мен жатын бөлмелері тар, ал медициналық блок, демалыс бөлмелері, акт залдары мүлдем қарастырылмаған.

Шолпан Көшенова, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Тексеріс барысында арнайы мекемелердің материалдық-техникалық қамсыздандырудың төмен дәрежесі жалпы осы арнайы білім беру мекемелерінің тапшылығы сондай-ақ, арнайы түзеу мекемелерінде балаларды ПМПК-ның жолдауынсыз, яғни дені сау балаларды қабылдау фактілері анықталды.

Ал қалалық білім басқармасы аталмыш кемшіліктер жайында өз пікірін білдірді. Білім беру саласы бойынша жоғарыда аталған барлық фактілер қала тұрғындары санының артуы мен әлеуметтік мәселелермен тікелей байланысты, дейді жауапты маман.

Гүлнара Қамашева, Астана қаласы Білім басқармасының әдіскері:

Бізде Астанада миграция өте үлкен. Соған байланысты біз ең бірінші кезекте осы мүмкіндігі шектеулі балаларға мүмкіндік жасап отырмыз.
Біздің мамандар бар, бірақ арнайы мекемелерде ақының аздығынан мамандар келмей отыр.