Русский Сайттың толық нұсқасы

Кісі өліміне себепкер болған жүргізушілерге қатысты шара қатаң болады

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2014
  • 1441

Жәбірленуші тараптың кешірімі жазадан құтқармайды. Бұдан былай кісі өліміне себепкер болған жүргізушілерге қатысты шара қатаңдатылады. Яғни мас күйінде көлік айдап, соңы адам өліміне соқтырған жол апатынан кейін марқұмның туыстарымен келісіп қылмыстық іске тосқауыл қою шектеледі.


Нұрмаханбет Исаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:


Қайтыс болып кеткен адам қалай онымен келіседі? Енді оның әкесі болсын, шешесі болсын, туысы болсын келісу жағы, менің ойымша, онша дұрыс емес. Осы жөнінде қазіргі күндері Елбасымыздың тапсырмасымен Қылмыстық кодекске тиісті өзгерістер енгіздік. Жақын арада ол өзгерістер қабылданады деп ойлаймын мен.


Бас прокуратураның ұсынысымен қылмыстық кодекстің 67 бабына жаңа өзгерістер енгізілмек. Көлікті ащы суға сылқия тойып алып жүргізген, соңы адам өліміне соқтырған апатты жасаған адамның тайраңдап жүруіне жол жоқ.

Бас прокурордың орынбасары Нұрмаханбет Исаевтың айтуынша, қалтасы қалың азаматтардың жәбірленуші тарапқа материалдық өтемақы төлеп қылмыстық істі тоқтатуы жиі кездеседі. Бұл әсіресе шенді шекпенділердің балаларына қатысты. "Мәселен жуырда Алматыда алты адамды қағып, біреуінің өмірін қиған Мақсат Үсенов жапа шеккен тараптан кешірім сұрап жазадан сытылып кетті. Осындай жағдайларға жол бермеуіміз қажет", - дейді Бас прокурордың орынбасары.


Жұрағат БАМАН