Русский Сайттың толық нұсқасы

Сәуірде өтетін Ассамблеяға Қостанай облысынан жиырмадан астам делегат аттанбақ

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2014
  • 1412

Тобыл өңіріндегі этномәдени орталық өкілдері сәуірде өтетін кезекті жиынға мол үміт артады. Ұлттар мен ұлыстардың келелі кездесуіне Қостанай облысынан жиырмадан астам делегат аттанбақ. Аймақтағы тілшіміз Заңғар Санай халықтар достығын ұлықтап отырған жандармен тілдесіп қайтты.


Қостанайда тәжік-өзбек ұлтының екі мыңға жуық өкілі тұрады. Аймақтағы этномәдени орталықты басқаратын Эргашвой Холметов Тобыл топырағына жарты ғасыр бұрын келген. Айтуынша, 2011 жылдан бері өзі басқаратын орталық мерекелік шаралармен шектелмейді. Көмек сұрап келген азаматтарға қол ұшын беріп, мәселесін шешуге ат салысуды әдетке айналдырған.


Эргашвой Холметов, «ШАРҚ» тәжік-өзбек этномәдени орталығының төрағасы:


Құжатын жоғалтып алғандар болады. Миграция бойынша мәселе болып жатады. Соның бәрін өзіміз шешуге тырысамыз.Тіпті Ташкенттегі елшілікке хабарласып, тым болмаса әкімдіке шығып проблемаларды өзіміз шешіп тастаймыз.


Сегіз жыл бұрын ашылған Қостанайдағы «Достық » үйі 18 этномәдени орталықтың ортақ шаңырағына айналды. Дәл бүгін мұнда армян ұлысының өнерлі ұл-қыздары «Аналарға» арналған мерекелік шараға дайындалып жатыр. Бірлестіктің төрағасы Артур Абрамян Астанада өтетін кезекті жиынға қатысатындардың бірі.


Артур Абрамян, «Эребуни» армян этномәдени орталығының төрағасы:


Елімізде білім алуға, кәсібіңді дамытуға мүмкіншілік жетерлік. Осы мүмкіндіктерді -этно-мәдени орталықтар қалт жіберіп жатқан жоқ. Қолдан келгенше балаларымызға өз тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін үйретіп жатырмыз.


Астықты аймақта жүзге жуық ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар үшін ана тілін, салт-дәстүрін дәріптеуге мол мүмкіндік жасалған. Жексенбілік мектептерде өрендер өз тілінде білім алуда. Тіпті іргелі оқу орындарының қабырғасында жастар ассамблеясы құрылды. Осының бәрі ұлтаралық бірлікті, достықты нығайту үшін жасалып жатқан игі бастама -дейді облыстық ассамблея өкілдері.


Қалқаман Жақып, Қостанай облыстық ҚХА ғылыми-сараптама тобының мүшесі:


Студенттер ассамблеясы құрылды. Онда 7 ұлттан тұратын бірлестік жұмыс істеп жатыр. Ұлтаралық татулық жолындағы игі шараларды сол жастардың өздері қолға алып жатыр. Ал біз аға буын тек көмектессек болды.


Достық үйінің өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясының алқалы басқосуына қызу дайындалып жатыр. Оған облыстан жиырмаға жуық адам қатыспақ. Делегаттар өзге өңірден келетін әріптестерімен пікір алмасуға құштар. Кезекті жиын бірлік жолындағы игі бастамаларға мұрындық болатынына мол сенім артады.


Заңғар САНАЙ