Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысының кейбір елді мекендеріне еріген қар суынан қауіп төніп тұр

  • AstanaTV
  • 28 наурыз 2014
  • 1437

Ақтөбе облысының кейбір елді мекендеріне еріген қар суынан қауіп төніп тұр. Шаһарға қарасты Жаңақоныс ауылындағы көшелер тасқын су астында қалды. Далаға қарай ағуы тиіс қызыл су құбырларды жарып, ауыл ішіне лап қойған. Қазір оқиға орнында арнайы штаб құрылды. Олар судың бетін қайтарып, қажет жерге құм төсейміз дейді. Сондай-ақ жолды жағалаған жырамен қатар, асфальт төсенішін кесіп, қосымша арна жасауға мәжбүр. Шенеуніктер судың деңгейін төмендету мақсатында жасалған бұл шаралар төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді деген үмітте.


Бекболат Нұрашев, Ақтөбе қаласы әкімдігі аппаратының ТЖ жөніндегі бөлім жетекшісі:


Шолу жүргізілді. Тұрғындармен кездесіп, қаралды. Қазіргі уақытта инертті материалдарды беріп, су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үлкен көлемдегі зардап шеккендер жоқ кеткен сулар мына аулалардың арасымен өткендерін көріп отырмыз.


Мәртөк ауданы бағытындағы Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізінің бір бөлігі де қар суынан зардап шегуі мүмкін. Ернеуінен асып, асфальтті шайып жатқан суға темір тұлпарын жуып жатқан жүргізушілер де бар. Алайда ағынды судың пайдасынан зияны басым. Жол жабындысына нұқсан келтіруде. Соны ескерген көлік иелері атқарылған істің сапасы сын көтермейді дейді.


Көлік жүргізушісі:


Мынау бассыздық қой. Тіптен жүру мүмкін емес. Алыстан байқап тежегішті басып үлгерсең болады. Ал судың астында қандай ой жатқаны белгісіз. Көлігіміз жолдың нашарлығынан тез бұзылады.


Мансұр ЕСҚОЖИН