Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде бастауыш білім беру мекемелерінде заңсыздықтар әшкереленді

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2014
  • 1505

Білім саласындағы шырғалаң. Шығыс Қазақстанда балабақша мен мектептерде ата-аналардан заңсыз ақша жинау фактілері анықталды. Бірді-екілі емес. Өңірдің барлық білім ордалары заңсыз салықты дәстүрге айналдырған.

Осылайша ашуға мінген өңірдің бас прокуроры тексерістің қорытындысын жариялады. Облыстағы балабақшаларды тексере келе барлығы 690 заң бұзушылық анықталды. Білім беру мекемелерінде 40-тан астам бұрындары бас бостандығынан айырылған азаматтардың еңбектеніп келгендігі мәлім болды. Сондай-ақ, балабақша мен мектепте ата-аналардан ай сайын күзет пен санитарлық жағдайды жақсарту желеуімен мың жарым теңге көлемінде қаражат жиналғаны мәлім болды.

Тексеріс қорытындысы бойынша ҚР «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» Заңына сәйкес жеті өкілетті тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тарту шешімі қабылданды. Прокурорлар балабақшаға бүлдіршіндерді қабылдау барысында да бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілгендігін мәлімдеді.

Нұрбұлан Мақұлбаев, ШҚО прокурорының аға көмекшісі:

Балабақшаға балаларды қабылдау барысында кезек сақталмаған. Тіркелмеген балалар кезексіз қабылданған фактілер анықталды. Бұл тұста бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілгендігі жасырын емес.

Балабақша басшылығы болса, білім мекемелерінде күзет қарастырылмағандықтан, ата-аналардан қаражат жиып, күзетші жалдауға мәжбүр екендіктерін айтуда. Себебі, Өскеменде балабақшаларға бәз біреулердің кіріп кетіп, бүлдіршіндерге қауіп төндірген жағдайлары жиі кездеседі екен.

Татьяна Краковская,
«Облакетка» балабақшасының меңгерушісі:

Балабақшаларда күзет немесе вахтер штаты қарастырылмаған. Біз өзіміз күзетші жалдауға мәжбүрміз. Бізге түнеу күні кешкісін бір қаңғыбас кіріп кетті, тағы бір ішіп алған әке қолына пышақ алып келіп, бәрінің үрейін қашырды. Сол кезде күзетші болмаса, полиция келгенше бәрімізді қырып тастайтын еді. Полиция шақырғаннан кейін тек 40 минуттан соң келді.

Қанат ОРАЛБЕК