Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысындағы апат құрбандары туыстарына Премьер-министр Серік Ахметов көңіл айтты

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2014
  • 1451

Премьер-министр Серік Ахметов Көкпектіде су тасқынынан қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Үкімет басшысы Министрлер кабинетінің атынан қиындыққа тап болғандардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді. Елбасының тапсырмасымен оқиғаның себептерін анықтау үшін арнайы топ құрылғанын хабарлады. Бұл топқа Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко басшылық етпек.

Ал Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Қарағанды облысында тағы да су тасқыны болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Бүгінде, тек көлемі 1 миллион текше метрге тең келетін су қоймалары ғана бақылауға алынған. Одан өзге 400-ге жуық ұсақ су қоймасы бар, олардың жеке немесе коммуналды меншікке өтіп кеткені белгілі болды.

Министрлік өкілінің хабарлауынша, бүгін түнде Осакаровка ауданының Молодежный ауылын су басты. Сәтпаев каналына да қауіп төнген.

Еске салайық, Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылын су шайып 350-ге жуық үйді жайпап кетті. Табиғаттың тосын мінезі салдарынан бес адам көз жұмды. Бірнеше тұрғын суық тию диагнозымен ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Сондай-ақ, апатта қайтыс болған азаматтардың есімдері жарияланды. Олар - 1924 жылы туған Ноғаев, 1926 жылғы Нагибина, 1942 жылы дүниеге келген Ромашенко, 1963 жылғы Ноғаева және 1979 жылы туған Скибицкий есімді азаматтар.

Сымбат МОЛДАТАЙ