Русский Сайттың толық нұсқасы

Көкпекті ауылында су астында қалған тұрғындарының кейбірі апат туралы дабылды естімеген

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2014
  • 1099

Қарағанды облысының Көкпекті ауылында су астында қалған тұрғындарының кейбірі апат туралы дабылды естімеген. Ескерту жүйесі тиісінше жұмыс істемейді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Үкіметтің отырысынан соң журналистерге мәлімдеді.

Еске сала кетсек, 30-нан 31-не қараған түні Көкпекті аулында су қоймасының бөгеті бұзылып, ауылды шайып кеткен еді. Ал Үкіметтің бүгінгі селекторлық отырысы көңіл айтудан басталды. 100-ден астам үйді шайып, 5 адамның өмірін жалмаған бөгет 1951 жылы салынған. Яғни әбден тозығы жеткен. "Қойма еріген қар келгенде, шыдас бермеді", - дейді министр Божко.

Министр бұдан да өзге маңызды кемшіліктердің барын атап өтті. Тек апат орын алғанда ғана мойындалатын ақпараттың бірі - еліміздің кей ауылдары дабыл туралы ескертетін дауыс күшейткіш құралдармен қамтамасыз етілмеген. Тіпті кей елді мекенде апат жайын айғайлап ескертіп жүрміз. Ал төтенше жағдайда тік тұруы тиіс министрлік әлі шара қолданып әуре.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі
:

Будем принимать меры. Б
удем уделять внимание...

Төтенше жағдайлар министріне сенсек, жарылып кеткен Көкпекті бөгеті былтыр тексеруден өткен. Және апат болмай тұрып, ол жерде жергілікті құтқарушылар мен әкім орынбасары жұмыс істеген. Алайда қазір оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Топан су құрбандарының аты-жөні де анықталды. Олардың отбасына жергілікті билік 1 млн теңгеден өтемақы бермек.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Қаза болғандардың үшеуі - зейнеткер. Оның екеуі апат туралы естіп, қашпақ болғанда, су тасқынына ұрынған. Сөйтіп оларды толқын шайып әкетті. Бір әйел күйеуінің көлігіне отырып үлгермеді, оны да су тасқыны алып кеткен. Марқұм болған тағы бір адам науқастығынан үйінен шыға алмаған.

Қызыл су Қарағандының Осакаровка мен Нұр аудандарына қауіп төндіріп отыр. Сонымен қатар, Ақмола облысының Целиноград, Бұланды, Атбасар және Бурабай аудандарына, Солтүстік Қазақстанның Уәлихан, Есіл аудандарына да қауіпті. Министр Қостанайдың оңтүстігінде және Қарағанды облысының Ұлытау ауданында қардың әлі де қалың екенін атап өтті.

Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Бұл Батыс Қазақстанда болған апатқа ұқсас. Ол кезде де қар күрт еріп, Деркөл мен Шаған өзендері алты метрге көтеріліп, арнасынан асып еді. Осындай жағдай еліміздің шығысы мен оңтүстігінде де орын алды.

Қызылағаштағы апаттан соң, жеке меншіктегі су қоймалары толық тексеріліп, талапқа сай келмейтіндері мемлекетке қайтарылатын болған еді. Ал бүгінде елімізде бөгеттердің 20% әлі де жеке меншікте. Қарағанды облысында бүтін бір ауылды су астына қалдырған тоған да «Агро фирма Шаңырақ» серіктестігінің қолында болған. Ал құзырлы министрліктің оны тексеруге қауқары жоқ.

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі
:

Су қоймаларының жағдайы мәз емес. Қазір Сенатта Азаматтық қорғаныс туралы заң жобасы қаралып жатыр. Ол қабылданса, біз меншік түріне қарамастан, кез келген су қоймасына бақылау жүргізе аламыз.

Яғни қойын алып, қорасын бекіткеннің жағдайы. Жеке меншік су қоймалары енді бақылауға алына бастайды. Алайда ол бақылаудың қалай жүргізілетіні әзірге белгісіз.

Айгүл ӘДЕПБАЙ