Русский Сайттың толық нұсқасы

Көкпекті су қоймасының қожайыны кім екені туралы әзірге нақты дерек жоқ

  • AstanaTV
  • 01 сәуір 2014
  • 1966

Көкпекті су қоймасының қожайыны кім екені туралы әзірге нақты дерек жоқ. Соңғы кезде иелік еткен компаниялар анықталу үстінде. Ал топан су астында қалған ауыл қазір біршама қалыпқа түсіп жатыр: көше мен аулалар тазаланып, байланыс жүйесі қосылды. Енді құтқарушылар жақын маңдағы өзен-суларды бақылауда. 

Құйындатып келген қара судың астында қалып, күл талқаны шыққан Көкпекті ауылы қазір ес жийып жатыр. Құтқарушылар, тәртіп сақшылары мен әскерилердің күші біріктіріліп, жүздеген үйдің ауласы судан тазартылды. Малмандай суға батқан үйлеріне тұрғындар қайта келіп қоныстануға тырысып жатыр. Ал баспанасы мүлдем жарамсыз болып қалғандар не істерін білмей дал. Облыс әкімдігі әзірге марқұм болған бес азаматтың отбасына 1 миллион теңгеден көмек көрсетпек.

Асхат Әлі, Қарағанды облысы, Бұқар Жырау ауданы әкімінің орынбасары:

Дүние мүліктерінен айырылғандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылып, ол кісілердің бүлінген дүниелерінің көлемі анықталуда. Белгіленген көлемде компенсация беру қарастырылады, немесе шаршы метр көлемінде тұрғын үй салынып беріледі.

Зардап шеккендердің бүлінген мүлкін анықтау үшін жедел штаб құрылды. Ешкім де назардан тыс қалмақ емес. Әкімшілік жаңа үй, ең болмағанда өтемақы беру туралы шешім шығарды. Топан судан зардап шеккен тұрғынның бірі - Владимир Гаков. 75 жастағы зейнеткер қазір ауруханада жатыр. Түнімен үйдің шатырында отырған оны әбден суық шалған.

Владимир Гаков:

Арнайы трактор келіп, шатырға шығып кеткен адамдарды түсірді. Айнала суға толып кеткен соң, барлығымыз шатырдың үстіне шығып кеттік. Менің үйімнің бір қабырғасы түгел күл паршасы шығып құлады. Екінші қабырғаның да тек жартысы қалды. 75-ке келдім, оны енді қалпына келтіре алмаймын ғой, күшім де жетпейді.

Суықта сыздап қалған тағы алты адам ауруханада жатыр. "Оның бірі ауыр халде", - дейді дәрігерлер.

Ғалымбек Сайлауұлы, Қарағанды қаласы №1 қалалық ауруханасы бөлім басшысының орынбасары:

Жан сақтау бөліміндегі науқас суға тұншығу, асфиксиялық өкпенің дем жеткіліксіздігімен түскен. Жағдайы ауыр. Аппараттың көмегімен демалып жатыр. Ал жарақаттар бөліміндегі науқас суыққа тоңу диагнозымен түскен.

Ертең Көкпектіде қапияда қаза болған тұрғындарды қара жерге тапсырады. Қазір ауылдың инфрақұрылымы қалпына келтірілуде, мал дәрігерлері 500 жуық арам қатқан малды ауылдан шығарды. Ауыз су хлормен тазаланып жатыр. Дегенмен, қауіп әлі де сейілген жоқ: Қарағанды облысымен қатар Ақмола және Солтүстік Қазақстан аймағының тағдыры қазір қыл үстінде.

Сымбат МОЛДАТАЙ