Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда Халықаралық құстар күніне орай «50 қанатты жерлес» көрмесі ашылды

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2014
  • 5693

Павлодарда ерекше көрме ашылды. «50 қанатты жерлес» деп аталған шараның авторы өңірде мекендейтін қанаттылардың фотосын түсіріп, жұртшылыққа ұсынды.

Даланы, орман мен тау-тасты паналайтын алуан құстың суреті көрмеден орын алды. Қарапайым зауыт қызметкерінің қолына фотоаппарат алғанына небары екі жыл болған. Шамалы уақыт ішінде Кәрімжан Жәкенов аймақтың әр бұрышын аралағанын айтады. "Сондағы мақсаты - өңірде тіршілік ететін қанаттылардың түрлерін анықтау болатын", - дейді.

Қазір әр демалыс ол үшін жұмыс күні. Қамданып, табиғат аясына аттанады. Бүгінде суретшінің коллекциясында екі жүзге жуық құстың бейнесі бар. Көк құтан, қара кезқұйрық, қарлығаш, ақ шымшық, бізтұмсық, қызғыш деп кете барады. Тіпті, «Қызыл кітапқа» енгендері де жетерлік. Әсіресе, автор жерге қонып отырған тоқылдақтың суретінің сәтті шыққанына мақтанады.

Айтуынша, бұл қанаттыны ағаш бұтағынан тыс жерде көру сирек кездесетін құбылыс екен. Жалпы алғанда, Павлодарда 275 құстың түрі мекен етеді.

Кәрімжан Жәкенов
, әуесқой фотосуретші:

Құстың артынан көпке дейін аңдуға тура келетін кездер көп. Кейде шақырып, тамақтандырған да жағдайлар болды. Бір емес, бірнеше кадрды жасайсың. Сосын арасынан сәтті шыққандарын қалдырып, ісіңді жалғастыра түсесің.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ