Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ ауылында оқушылардың ата-аналары алаңдаулы

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2014
  • 3795

Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ ауылында оқушылардың ата-аналары алаңдаулы. Жаңа мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимарат осыдан бір жарым жыл бұрын ғана пайдалануға берілген болатын. Қазір іргесі іріп, қабырғалары сөгілген, ал асханасы жарамсыз. Соған қарамастан білім беру процесі жалғасуда. Мектеп басшылығы аймақтағы әріптесіме асхана құрылысының сапасыздығы ғана алаңдататынын айтқан. Мансұр Есқожиннің репортажы.

Кеңқияқ кентінің ортасында орналасқан мына мектеп 2012 жылы пайдалануға берілген болатын. Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынды. Ал мынау түстенушілерді қабылдауға қауқары жоқ мектеп асханасы. Айта өту керек, бұл нысанды салуға республикалық бюджеттен 600 млн теңге бөлінген болатын.

Балалардың қауіпсіздігіне негізінен ата-аналар алаңдаулы. Олардың айтуынша, мектеп құрылысы қыста басталған. 1 мың орындық ғимаратты 9 айдың ішінде салып өткізіпті. Тым жылдам салынған құрылыстың бүгінде кірпіштері көрініп, едендері ырсиған.

Мәнира Әбілтаева, Кеңқияқ ауылының тұрғыны:

10 см-ге төмен түсіп тұр. Жарлары жарық. Есіктің косягына дейін түсіп тұр. Амал жоқ осында 2 балам оқығаннан кейін келіп тұрмын. Кім жауапты екенін білуге келіп тұрмын.

Мектеп басшылығының пайымынша, бұл адам өміріне қауіп төндіретіндей жағдай емес. Тек асхананың сапасыз салынғаны алаңдатады. Көктемгі демалыста ғана олқылықты байқағандарын, сосын жергілікті әкімдік пен сәулет бөліміне хабар бергендерін айтты. Арнайы құрылған комиссия барлығын қарап, акт толтырып, оқу үрдісін тоқтатуға негіз жоқ деген.

Әлия Тұрмағамбетова, Кеңқияқ орта мектебі директоры:

Комиссия рұқсат беріп отыр оқуға. Ешқандай ол негізгі қабырғалар емес, перегородка. Сондықтан оқуға рұқсат беріп отыр.

Ауыл әкім мектеп асханасы жөндейміз дейді. Мүмкіндік болса, жазда қалпына келтірмек.

Роза Сатанова, Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі:

Мына қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз ғой. Эксперт өзі енді қорытынды шығарып бергеннен кейін, жұмыстарын енді жасаймыз.

Мектеп құрылысын жүргізген мердігер мекеменің де жауаптылық мерзімі өтіп кеткен. «Мастак» құрылыс компаниясы жұмыс сапасына 1 жылға ғана кепілдеме беріпті. Бір кезде нысанды қабылдаған мемлекеттік комиссияның да шағымы болмаған. Сондықтан асхананы жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат кімнен шығатыны белгісіз. Ал мектептегі өзге де салғырттықтан кеткен олқылықтарды жөндеу туралы ешкім жақ ашпайды.

Мансұр ЕСҚОЖИН