Русский Сайттың толық нұсқасы

Бүгін Үкімет отставкаға кетті

  • AstanaTV
  • 02 сәуір 2014
  • 1762

Есілдің сол жағалауында ауқымды ауыс-түйіс. Бүгін күтпеген жерден Үкімет отставкаға кетті. Бұл жаңалық кешкі бес шамасында белгілі болды. Шұғыл жиын өткізген экс-премьер Серік Ахметов қызметтен кету туралы өз өтінішін Президент қабылдағанын мәлімдеді. Ал жаңа Премьер орынтағына Үкіметтің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов қайтып келді. Ол бұған дейін қазақ Үкіметін ең ұзақ, яғни алты жыл басқарған саясаткер. Соңғы екі жылда Президент Әкімшілігі жетекшісі қызметінде болған.

Серік Ахметов:

Хочу от себя лично и от всего Правительства выразить благодарность Главе государства Нурсултану Абишевичу Назарбаеву за оказанное высокое доверие. Хочу сообщить, что в соответствии с законом "О правительстве" отставка Премьер-министра влечет за собой и прекращение полномочий всего Кабинета министров. Но в то же время сохраняются полномочия до формирования нового Правительства. Поэтому я хотел бы тоже вас поблагодарить за совместную работу, пожелать успехов всем, надеюсь, что наш состав Правительства в основном сохранится, будет работать на благо нашей Родины.

Көп ұзаған жоқ. Осы мәлімдемеден соң, бір сағаттан кейін Президент Парламентке келіп, Үкімет басқаратын жаңа кандидат бойынша кеңесті. Жаңа Премьер-министрді сол жерде таныстырды. 

Серік Ахметов Үкімет тізгінін 2012 жылы қыркүйекте қолға алды. Мына кадрларда Президент сенімін ақтауға ант берген сәтінен. Қарағанды облысының тумасы, инженер металлургтен Үкімет басшысына дейін көтерілген тұлға, шаруашылыққа мығым саясаткер ретінде таңдалған. Қарағанды обылысын басқарған тұста Үдемелі-индустриялды инновациялық бағдарлама бойынша жаңа кәсіпорындар ашып көзге түсті. Кейін оның командасы "Моноқала" жобасын ұсынып ерекшеленді. Байсалды да байыпты келген Ахметов кей кездері басшылардың шаңын қағып алатын.  

Алайда Ахметовтың командасы соңғы уақытта Ақордадан жиі сөгіс еститін. Тіпті  биыл 14 ақпанда өткен кеңейтілген жиында Президент Үкімет етек-жеңін жимаса, отставкаға кетеді деп қатаң ескерткені есте. 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:


Или вы это сделаете, или это будет делать другое правительство. Я предупреждаю.  

Айта кету керек, Серік Ахметов келгелі көптеген министрлер Үкімет отырысында қазақша тіл сындыруға мәжбүр болды. Өйткені бұл қатаң талап-тын. Ал ендігі Үкімет басшысы бұл шаңырақта аттай алты жыл отырған. 2008-2009 жылдары жаһандық дағдарыстан тұрмыс-тірлігімізді тоқыратпай, аман-есен алып шыққан тіс қаққан экономист ретінде бағаланады. 

Жаңа Үкімет басшысы биліктегі ауыс-түйістерді, басқа да саяси маңызды жаңалықтарды «Туиттер» арқылы тарататын, қара орман оқырманы бар саясаткер. Міне, 2012 жылы Үкіметтен кететіні туралы хабарды осы желіде жариялаған. Енді Мәсімовтың аккаунты қайта жанданып, жаңа қызметі туралы жаңа жазбалар пайда болатын шығар.  

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ