Русский Сайттың толық нұсқасы

Апат болған «Протон-М» зымыран-тасығышы толық өртеніп кетті

  • AstanaTV
  • 16 мамыр 2014
  • 1451

Апат болған «Протон-М» зымыран-тасығышы күл-паршасы шығып, әуеде толық өртеніп кетті. Ресейдің федералды ғарыш агенттігі осылай сендіріп отыр.

«Роскосмостың» ақпарынша, «Экспресс-АМ4Р» байланыс спутнигін орбитаға жеткізбек болған зымыран тасығыш «Байқоңыр» ғарыш айлағынан таңғы 3 сағат 42 минутта ұшырылған. Бірақ 540-шы секундта үшінші бөлігі ажырайтын сәтте апатқа ұшыраған. "Құлаған «Протон-М-ның» бүкіл бөлшектері және отын компоненттері жерге жетпестен атмосфераның тығыз қабаттарында өртеніп кетті", - дейді «Роскосмостың» қазіргі басшысы Олег Остапенко.

Ал апат жағдайының себептерін анықтау жөніндегі комиссия «Бриз-М» айдаушы блогы және «Экспресс-АМ4R» байланыс аппараты да өртеніп кеткендігін растауда. Әуеде жоғалған ресейлік «Экспресс-АМ4Р» аппаратының жалпы құны 200 миллион еуродан асады.

Айта кетейік, бұл спутник ең озық байланыс спутниктері класына жатады. Ол Ресей және ТМД елдерін мүлтіксіз байланыспен қамтамасыз етуі тиіс болған. Мамандардың болжамы бойынша, «Протон-М» бөлшектері Тынық мұхиты акваториясына немесе Алтай өңіріне құлады. Қазір «Байқоңырдан» «Протонды» ұшыру әзірге тоқтатылды. Жоспардағы 15 шілдедегі ұшырылым да кейінге шегерілді.

Еске салайық, өткен жылы шілдеде Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы көкке көтерілісімен, жерге құлап, жарылған-ды. Салдарынан жүздеген тонна улы гептил төгілді. Қазақстанның Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі апаттан келген зардап көлемін есептеп шығарды. Табиғатқа келген шығын мөлшері 13 миллиард теңгеге бағаланды. Алайда залал мөлшері белгіленгенімен, Ресей тарапы өтемақы туралы әлі тіс жармай отыр.

Жұрағат БАМАН