Русский Сайттың толық нұсқасы

Риддерде үй құлап кеткен шұңқырға 2 мың текше метрдей бетон қоспасы құйылды

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2014
  • 1274

Риддер қаласында шахтаның опырылуынан туындаған қолайсыздық үшін «Қазцинк» ЖШС әр отбасыға 200 мың теңге көлемінде өтемақы төлеп бермекші. Ал, үйі тереңдікке түсіп кеткен баспана иелеріне пәтер беріледі.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС Әкімшілік өндірістік істер жөніндегі вице-президенті:

Қауіпті аймақтан көшірілген тұрғындар толығымен қамқорлығымызға алынды. Жатар орын, тамақ, қиім-кешектің барлығымен қамтамасыз етілді. Ал, қираған баспана үш бөлмелі екен. Иесінің қалауы бойынша оған қала ортасынан екі бөлмелі және бір бөлмелі екі пәтер алып береміз. Үй ішін жиһазға толтырамыз. Өтемақысын да төлеп береміз.

Қазір қалада қалыпты өмір жалғасуда. Тек қауіпті аймақта орналасқан 16 баспананың тұрғындары ғана шахта шұңқыры толық бетонмен құйылғанша, үйлеріне оралмайды. Олар шипажайға орналастырылған.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ағымдағы айдың 4-і күні шахтаның опырылуынан Риддер қаласында бір баспана 21 метр тереңдікке құлап кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ. Тағы 107 үй қауіпті аймақта тұрғандықтан, тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілген еді. Мамандар шахтаның опырылу себебін әлі анықтап жатыр. Облыстық прокуратура тарапынан қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетейік, дәл сол шахта құлайтын күні Сібірде магнитудасы 5,5 баллды құрайтын жер сілкінісі болған. Бұл тербеліс шамамен 2-3 балл көлемінде Шығыс Қазақстанға да жеткен.

Базаргүл ІЗІМОВА