Русский Сайттың толық нұсқасы

Теннистен Қазақстан құрамасы жартылай финалға өткен жоқ

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2014
  • 1022

Теннистен Қазақстанның ерлер құрамасы «Дэвис» кубогының жартылай финал жолдамасынан құр қалды. Бұл сында Швейцария командасымен сынға түскен отандастарымыз жалпы есепте 3:2 есебімен ұтылып қалды. Женева қаласында өткен кездесулер жайлы толығырақ тілші бейнематериалында.

«Пальэкспо» көрме кешенінде өткен алғашқы ойында сенсация тіркелді. Бұл сында Андрей Голубев Австралия ашық чемпитонатының жеңімпазы Станислас Вавринканың жігерін құм қылды. Кездесу басынан қарсыласының бас көтеруіне мүмкіндік бермеген Голубев, жарысты тамашалаған 15 мың жанкүйерді таңдай қақтырды.

Андрей
Голубев, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

Қарсыластың бас көтеруіне мүмкіндік бермей, қысым көрсету қажет. Жоспарға сәйкес біз ойын тактикасын дұрыс таңдадық. Ең бастысы
- көп қателеспей, бірқалыпты өнер көрсету болып табылады.

Екінші кездесуде Михаил Кукушкин Швейцарияның бетке ұстар спортшысы Роджер Федерермен кортқа шықты. Жолы болмады ма, әлде қарсыласының мысы басты ма, әйтеуір алаңда сылбыр қимылдаған жерлесіміз қатарынан үш сетте ұтылуға мәжбүр болды.

Роджер
Федерер, теннистен Швейцария құрамасының мүшесі:

Алғашқы ойындағы сәтсіздіктен кейін маған деген жауапкершілік арта түсті. Сондықтан
, қолдан келгенше сауатты өнер көрсетуге тырыстым. Кездесу басынан тізгінді қолға алып, жоспарымды жүзеге асырдым. Маған қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз.

Есепті теңестірген алаң иелерінің қуанышы көпке созылмады. Жұптық жарыста жасындай жарқыраған Андрей Голубев пен Александр Недовесов Федерер мен Вавринканың жігерін құм қылды. Қарсылас командаға бір сет қана ұтылған қазақстандықтар есепте тағы да алға шықты.

Станислас
Вавринка, теннистен Швейцария құрамасының мүшесі:

Қолдан келгенше бірқалыпты өнер көрсетуге тырыстық. Бірақ, Қазақстан теннисшілері жоғары деңгейде өнер көрсетті. Бұл ойында ұтылғанымызға қарамаста
, біз тез жиналып, жанкүйерлер сенімін ақтауымыз керек.

Келесі айналым мәселесін енді жекелей сында кортқа шыққан спортшылар анықтады. Бұл бәсекеде мысы басым Швейцария командасы екі ойында қатарынан жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды. Бұл сәтсіздігіне қарамастан, Қазақстан құрамасы әлемдік лигадағы орнын сақтап қалды.

Самат ҚАНАҒАТОВ