Русский Сайттың толық нұсқасы

Риддерде үйі тереңдікке түсіп кеткен баспана иелеріне пәтер беріледі

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2014
  • 1428

Риддер қаласында шахтаның опырылуынан туындаған қолайсыздық үшін "Қазцинк" серіктестігі әр отбасына 200 мың теңге көлемінде өтемақы төлемек. Ал үйі тереңдікке түсіп кеткен баспана иелеріне пәтер беріледі.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік өндірістік істер жөніндегі вице-президенті:

Қауіпті аймақтан көшірілген тұрғындар толығымен қамқорлығымызға алынды. Жатар орын, тамақ, киім-кешектің барлығымен қамтамасыз етілді. Ал қираған баспана үш бөлмелі екен. Иесінің қалауы бойынша, оған қала ортасынан екі бөлмелі және бір бөлмелі екі пәтер алып береміз. Үй ішін жихазға толтырамыз. Өтемақысын да төлеп береміз.

Қазір қалада қалыпты өмір жалғасуда. Тек қауіпті аймақтағы 16 баспананың тұрғындары ғана  шахта шұңқыры бетонмен құйылғанша үйлеріне оралмайды. Олар шипажайға орналастырылған. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай,  4-ші сәуір күні Риддер қаласында шахта опырылып  бір баспана 21 метр тереңдікке құлап кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ.

Өзге де 100 астам үй тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілді. Мамандар шахтаның опырылу себебін  анықтап жатыр. Облыстық прокуратура тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, дәл сол  күні Сібірде магнитудасы 5,5 баллды құрайтын жер сілкінісі болған. Бұл тербеліс шамамен 2-3 балл көлемінде Шығыс Қазақстанға да жеткен.

Қанат ОРАЛБЕК