Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыдағы Октябрь ауданының №3 автопарк жүргізушілері жұмысқа шықпады

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2014
  • 1207

Қарағандыдағы Октябрь ауданының тұрғындары бүгін жұмыстарына уақытылы бара алмады. №3 автопарк жүргізушілерінің наразылыққа шығуынан жүз елу мың тұрғыны бар аудан бір мезетте қоғамдық көліксіз қалды.  Ереуілшілер еңбек жағдайын жақсарту мен белгіленген жоспарды  төмендетуді талап етіп отыр.

Азамат Ұсақбаев, жүргізуші:

Біздің ұсынысымыз жоспарды түсірсін. Жоспарды түсіргеннен кейін, солярканың нормасын құйып берсін. Басқа талабымыз жоқ.

Еске салайық, Қарағандыда жаңа жылдан бастап жолақы 80 теңгеге көтерілген. Осыдан соң іле-шала бір күндік міндетті жоспар да екі есеге артты. Алайда жол жүру билетінің көптігінен  аталмыш жоспарды орындау мүмкін емес дейді жүргізушілер.

Қала берді, жылдамдықты сәл арттырған немесе ауырып қалған жағдайда оларға айыппұл салынады. Автопарк беретін жанар-жағар майдың көлемі де жоспарды орындауға жеткіліксіз. Сондықтан кейде  бензинге өз қалтасынан ақша жұмсауға  мәжбүр болатын көрінеді. Бұл дауға қатысты билік өкілдерінің де өз уәжі бар.

Қайрат Бегімов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

Ұрылған, соғылған автобустар халыққа қызмет көрсетуде. Жүргізушілердің көлік басқарып келе жатып, шәй ішетіні тағы бар. Айыппұл болған, бола да береді. Өзге талаптар бойынша оңтайлы шешім табылып, бір мәмілеге келеміз деген ойдамын.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА