Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңіріндегі «Аналар үйінде» жеті ана сәбилерімен өмір сүріп жатыр

  • AstanaTV
  • 07 сәуір 2014
  • 2166

Тобыл өңіріндегі «Аналар үйінде» жеті ана сәбилерімен өмір сүріп жатыр. Қосағынан қолдау көрмей, қиыншылыққа ұшыраған жалғызбасты келіншектер бұл үйге бір жарым жылға қоныстанады. Осы уақыт аралығында азық-түлікпен, нәрестелерге қажетті заттармен тегін қамтылады. Тағдыр тәлкегіне мойымай, сәбиін аман-сау өсіруді ойлап жүрген аналармен Заңғар санай тілдесіп қайтты.

Жансая «Аналар үйіне» осыдан 1 ай бұрын келген. Айтуынша, күйеуімен түсінісе алмапты. Отбасындағы ұрыс-керістен шаршаған соң, Ерназар есімді 6 айлық ұлын құшақтап осында келіпті.

Жансая Қасымбекова, «Аналар үйінің» тұрғыны:

Мен өте қуандым осы жерге келгеніме. Маған ең бастысы - баламның ең алғашқы қадамдарын көру болды. Мен оны жұмысыма тіркеп, жүре алатын едім жұмыс істеп, бірақ менің баламның әрбір жасаған қадамы маңызды болды. Сондықтан осы жерге келуге шешім қабылдадым.

Бұл «Аналар үйінің» ашылғанына 4 ай болған. «Дағдарыс орталығы» қосағынан қолдау көре алмай, тығырыққа тірелген 7 жан мен олардың сәбилерінің туған үйінен кем емес. Әйелдер дәл үйдегідей тамақ әзірлейді, тазалыққа жауапты. Балаларды да бөліп жармай, бірдей қарауға тырысады. Мұндағы сәбилердің ең кішісіне бар болғаны екі ай болса, үлкені - сегіз айлық.

Алина Арысланова, «Аналар үйінің» тұрғыны:

Бұл игі жобаның жалғызбасты аналарға көмегі зор екендігін естіп, осында келдім. Мұнда бізді тегін киіндіріп, ақысыз азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Бір жарым жыл осы үйді паналай тұрмақпын. Одан кейін жұмыс іздеп, баламды өзім бағып-қағып алармын деп ойлаймын.

Мекеме мейірімді жандардың қолдауымен ашылған. Мұнда қабылданған аналар мен олардың балаларына 1 жарым жылға дейін киер киім, ішер ас тегін беріледі. Әлі де оң-солын айыра қоймаған жас аналарға күн сайын әлеуметтік ұстаздар ақыл-кеңес беріп отырады. Жаны жабырқап, күйзеліске түскендермен аптасына екі рет психолог-маман пікірлеседі.

Екатерина Солянкина, әлеуметтік ұстаз:

Жас аналарға қолдан келгенше көмек көрсетіп, сұрақтарына жауап беруге тырысамын. Тіпті кейбіреуінің сәбиін шомылдырып, жөргекке дұрыс орауды үйретем. Олар жас болғандықтан, өздері жасауға жасқанады.

Осындай игі бастаманың арқасында тастанды балалардың қатары азайған. Өйткені мұнда ана мен сәби бойында ертеңге деген сенім қалыптасады, қоғамда өз орнын табуға талпынады. Қазір еліміз бойынша осы тектес он екі «Аналар үйі» жұмыс істеп тұр.

Заңғар САНАЙ