Русский Сайттың толық нұсқасы

SCAT әуе компаниясы ұшағының апатты жағдайда қонуына қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2014
  • 899

SCAT әуе компаниясы ұшағының апатты жағдайда қонуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астана қаласының әуе-көлік прокуроры Нұрлан Ахметбаев мәлімдеді.

Қылмыстық іс «темiржол, әуе немесе су көлiк қозғалысы мен қауiпсiздiк ережелерiн бұзғаны үшін» Қылмыстық кодекстің 295-бабы, 4-тармағы бойынша қозғалды.

Әуе-көлік прокурорының хабарлауынша, қылмыстық кодекске сәйкес, «...зардаптардың тууына әкеп соқпаса да, әдейі қауiп төндiрген жағдайда, бiр мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады» немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымда болу, қызметпен айналысу құқығынан айырылады. 295-бап бойынша, «бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу» жазасы да қарастырылған.

Еске салайық, кеше жергілікті уақытпен сағат 10:57-де SCAT әуе компаниясының Шымкент-Астана бағытындағы ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды.

Әуежайдың баспасөз қызметі бұл оқиға алдыңғы шассидегі ақаудың салдарынан болғанын хабарлайды. Төтенше жағдайға байланысты әуежайға жеті өрт сөндіру техникасы мен бес «Жедел жәрдем» көлігі жөнелтілген. Ұшақ бортында экипаждың бес мүшесі мен 89 жолаушы болған. Ешкім зардап шеккен жоқ.

Сымбат МОЛДАТАЙ