Русский Сайттың толық нұсқасы

Бақытжан Сағынтаев: Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта болмайды

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2014
  • 1012

Теңгеден бас тартпаймыз. Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта болмайды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осылай деп мәлімдеді. Одақтың артықшылығы мен тиімді тұстары баяндалған басқосуда қазақ елінің ұтары көп екендігі де айтылды. 

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Мұндай әңгімелердің қайдан шығып жатқанын білмеймін. Ортақ валюта құру мәселесі мүлдем талқыланған да жоқ. Және келісім жобасында да ол жоқ. Яғни бізде теңге қалады.

Қазақ Үкіметі теңгенің ертеңіне алаңдамаса да, Ресейге қауіп төндіріп тұрған батыстың санкцияларына алаңдап отыр. Егер көрші елге қатысты шектеулер қабылданар болса, оның отандық экономикаға кері әсері тимеу керек. Ол үшін түрлі амалдар қарастырылып жатқан көрінеді.

Брифинг барысында белгілі болған тағы бір жайт - 15 сәуірде Премьер-министр Кәрім Мәсімов Ресей және Беларусь үкімет басшыларымен Мәскеуде кездеседі. Дмитрий Медведевпен «Байқоңыр» ғарыш айлағын екі елдің бірлесіп қолдануы мәселелерін талқыламақ.

Осы басқосуда қазақ жеріне құлаған ресейлік зымыран үшін төленуі тиіс өтемақы жайы да қозғалады деп күтілуде. Айта кетейік, өткен жылдың шілдесінде құлаған «Протон-М» зымыранынан келген шығын күні бүгінге дейін өтелмей отыр. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ