Русский Сайттың толық нұсқасы

Қырғызстан елімізге электр энергиясын беруді тоқтатса да, энергия тапшылығы болмайды

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2014
  • 1725

Қырғызстан елімізге электр энергиясын беруді тоқтатса да, тапшылық көрмейміз. Ішкі сұранысты қамтуға қауқарымыз бар. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Самұрық -Энерго" басшысы Алмасадам Сатқалиев осылай деп мәлімдеді. 

Алмасадам Саткалиев, "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы:

Біз Қырғызстаннан аса көп қуат көзін сатып алмаймыз. Ол қажеттілікті өзімізде өндіруге болады. Тек жазғы суармалы кезеңде қиындық туындауы мүмкін. Бірақ оның да шешімі бар. Солтүстік станцияларды жедел жөндеу мүмкіндігі қарастырылады. Тіпті болмаса дотациялық мазут бөлінсе, Жамбыл ГРЭС-ін іске қосуға болады.

Тоқтағұл су қоймасында су деңгейінің төмендеуіне байланысты көрші ел Қазақстанға электр энергиясын сатуды тоқтатқаны белгілі. Сондай-ақ "Самұрық-Энерго" басшысы Балқаш жылу электр стансасы құрылысына қатысты инвестормен арадағы түйткілдер шешілді деп мәлімдеді. Қазір Кореяның Samsung және KEPCO компаниялары жобаны қаржыландыруға кіріскен. Үкімет қаулысы әзірленіп жатыр. Ол дайын болысымен, жұмыс басталмақ.

Құрылысы кешігіп жатқан тағы бір ірі жоба Екібастұз ГРЭС-іне қанша қаржы қажеттігін мемлекеттік сараптамалық топ жіті зерттеп жатыр. Жетпісінші жылдары басталған құрылыс жобасын заманауи талапқа сай өзгертіп, қуатын 500 мегаваттан 636-ға жеткізу шешілген. Сондай-ақ онда экологиялық зардап жеті есеге төмендеп, отынның 20 пайызға үнемделетіні көрсетілген. Есесіне жоба қымбаттап кетті.

Алмасадам Саткалиев, "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы:

Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімнен бір жылға кеш қалды. Себебі технологиялық шешімдердің тиімділігі ұзақ зерттелуде. Бұл жоба Үдемелі индустриялдық инновациялық даму бағдарламасына қарайды. Оның іске асуы елдегі энергетикалық балансты реттейді. Қазіргі басшылық құрылысты тездетіп, жоғалған уақыттың орнын толтыруға барын салады деп ойлаймын.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ