Русский Сайттың толық нұсқасы

«Скат» компаниясының әуе кемелері қатаң тексеруден өтеді

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2014
  • 758

«Скат» компаниясының әуе кемелері қатаң тексеруден өтеді. Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, тиісті шара басталып та кетті. Нәтижесінде апаттардың себебі анықталмақ. Әуе компаниясының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуі де басты назарға алынады.

Еске салайық, кеше «Скат» компаниясының Шымкенттен шыққан «Боинг-737» ұшағы Астана әуежайына апатты жағдайда қонды. Әуежайдың баспасөз қызметі оқиға алдыңғы шассидегі ақаудан болды деп хабарлаған. Төтенше жағдайға байланысты әуежайға өрт сөндіру техникасы мен жедел жәрдем жеткен. Экипаж мүшелері мен 89 жолаушы зардап шеккен жоқ.

Серік Мұхтыбаев, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары:

Компания жоспарлы, сондай-ақ кезектен тыс инспекциялық тексерістерден өтіп жатыр. Айта кетейін, бұған дейінгі тексеру жоспарға сәйкес өткен. Енді жоспардан тыс тексеріс өткізбекпіз. Оған Азаматтық авиация комитетімен қатар өзге де құзырлы мекеменің мамандары тартылатын болады.

Айта кетейікі, оқиғаға байланысты қылмыстық іс те қозғалған. Бұл туралы Астана қаласының әуе-көлік прокуроры Нұрлан Ахметбаев мәлімдеді. Қылмыстық іс "темiржол, әуе немесе су көлiк қозғалысы мен қауiпсiздiк ережелерiн бұзу" бабы бойынша қозғалды.

Прокурордың хабарлауынша, Қылмыстық кодекске сәйкес "...зардаптардың тууына әкеп соқпаса да, әдейі қауiп төндiрген жағдайда, бiр мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады" немесе үш жылға дейiнгi мерзiмге белгілi бiр лауазымда болу, қызметпен айналысу құқығынан айырылады. Тіпті бiр жылға дейiн бас бостандығын шектеу жазасы да қарастырылған. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА