Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада жаңа халықаралық әуежай салынғалы жатыр

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2014
  • 1993

Қызылордада жаңа халықаралық әуежай салынғалы жатыр. Сыр өңірінен алыс елдерге әуе қатынасын ашу жоспарда бар. Жаңа жолаушылар терминалының құрылысын бір айдан кейін бастау жоспарланған. Бір қызығы - әуе қатынасын жандандыратын жобаны теміржолшылар қаржыландырады. Шарипа Сақтапова тақырыпты толықтырады.

Жағымды жаңалық қызылордалық Абай Тәшкенбайұлын елең еткізді. Ол шет елдерге жиі шығады, әсіресе Қытай мен Түркияға. Айтуынша, тікелей рейстердің жоқтығы жолаушыны қажытады. Жол бейнетімен қоса қаражат шығыны тағы бар.

Абай Ташкенбайұлы:

Қызылорда қаласынан тіке рейс болмағандықтан, самолет ауыстырып ұшасың. Сондықтан уақыт кетеді, кендендік тексеруден өтесің, келесі рейсті аэровокзалдың ішінде отырып күтесің. Айтып жатыр Қытайға және Турцияға тікелей рейс ашылады деп. Қолайлы болар еді.

Сәлімгерей Әбілқанов, «Қорқыт-Ата» әуежайы» АҚ бас директорының орынбасары:

Ең басты талаптары - үш жүйелі болуы керек жолаушыларды өткізетін. Бізде ол үш жүйе жоқ, ғимарат аумағының тарлығынан. Және жолаушыларды тасымалдауға сағатына 150-ақ адам. Ол да қазіргі заманның талабына сай келмейді.

Қазір әуежайдан аптасына 24 рейс еліміздің бес қаласына қатынайды. 13 жылдық тарихында әуежайды халықаралық стандартқа көшіру жоспары бірнеше рет көтерілген. Бірақ қаражат тапшылығы қол байлау болып келді. Енді жобаға қажетті қаржының 70%-ын "Қазақстан Темір Жолы", қалғанын "Байқоныр" әлеуметтік - кәсіпкерлік корпорациясы бермек.

Бақытбек Жұпарбеков, Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және АЖ басқармасы басшысының орынбасары:

Жаңа жолаушылар терминалының құрылысының қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік экспертизадан өткізуде. Шамамен қазіргі таңда бағасы 6,2 миллиард теңгені құрап отыр.

Сәлімгерей Әбілқанов, «Қорқыт-Ата» әуежайы АҚ бас директорының орынбасары:

Республикада бірыңғай логистакалық орталық ашу көзделген. Сол орталықты "Қазақстан Темір Жолы" Ұлттық компаниясы құрамында ашу көзделген. Салынатын ғимаратымызды қаржыландырудың басым бөлігі "Қазақстан Темір Жолы" арқылы өтетіндігі сондықтан.

Сағатына 250 жолаушы қабылдай алатын заманауи терминал құрылысы мамыр айында қазіргі әуежай маңында басталмақ. 2015 жылы ел игілігіне беріледі деген жоспар бар. Қазірдің өзінде отандық «КазЭйрТранс», тәжікстандық «ИстЭйр» және түркиялық «Пегасус» компаниялары бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА