Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда көлігі 9 жыл бұрын ұрланған жігіт қомақты айыппұл төлеуге мәжбүр

  • AstanaTV
  • 08 сәуір 2014
  • 1318

Көлігімді қайтарсын! Алматыда бір азамат ұрланған автокөлігінің кесірінен қарызға батты. Батыржан Бәкиев 9 жыл автотұрақта қаңтарылып тұрған көлігі үшін кімді кінәларын білмей жүр. Мұрнының астындағы көлікті көрмей айдаладан іздеген тәртіп сақшылары адам айтқысыз салғырттыққа жол берген. Зардап шеккенімен қоймай, миллиондаған теңге қарыз болған азамат енді құзырлы органдарға шағымданбақшы. Мәселенің мән-жайына Ришат Асқарбекұлы үңіліп көрген еді.

Салғырттық па, салақтық па?! Батыржан Бәкиев басынан өткен көп жылдық шырғалаңға қандай баға берерін білмейді. 2005 жылдың күзінде Батыржан көлігін техникалық жөндеу бекеттерінің біріне қалдырып кетеді. Уағдаластық бойынша бір апта өткен соң жөнделген машинасын алуға келеді. Сөйтсе, темір тұлпары қолды болыпты.

Батыржан Бәкиев, көлік иесі:

Қарасам таппадым. Жоқ. Жетісу РУВД-сына хабарластым. Олар келіп бәрін түсіріп, СТО басшысын да шақырды. Сосын мен ұрланғаны туралы арыз жаздым.

Батыржанның сол күні-ақ полицияға арыз жазғанын растайтын құжаттары да бар. Автокөлікті рұқсатсыз айдап кеткен адамды тұспалдап білетінін айтқан. Бірақ қылмыстық іс қозғаған Жетісу аудандық ішкі істер басқармасы көлікті таппайды. Уақыт өте келе Бәкиевтер отбасы оның табылуынан күдер үзе бастаған. Алайда тыныштықты айыппұл автотұрағынан соғылған қоңырау бұзды.

Ахмет Оразбаев, қорғаушы:

Арада 9 жыл өтсе, ІІБ ешкім хабарласпаған. Тек автотұрақ қызметкерлері жақында иесіне хабарлаған. Яғни мұнда істі тергеген полиция қызметкерінің салғырттығы деп түсінуге болады.

Ерлан Әлімжанов, Алматы қалалық арнайы айыппұл тұрағының басшысы:

Бұл машина бізге 9 жыл бұрын түскен. Алматы қаласы әкімі орынбасарының нұсқауы бойынша біз 9-10 жыл жатқан көліктерді жоюға кіріскенбіз. Сосын біз оның иесін тауып, хабарласқан едік.

Оқиғаға кінәлі тараптар әлі нақтыланбады. Қателік әу баста тергеушілерден кетуі мүмкін екенін ішкі істер органындағылар жоққа шығармайды. Тек аудандық полиция иегінің астында тұрған автокөлікті іздемей, қылмыстық істі қалай жауып тастаған деген мәселенің басы ашық. Ал тоғыз жылдан бері тұрақта тұрып қаңсып қалған көлікті иесіне қайтаруға ешкім асықпаған. Енді көлік иесінің алдына айыптұрағының ақысын төлеу мәселесі төтесінен қойылды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Біз бұл мәселе бойынша қызметтік тексеруді бастадық. 

Қалалық полиция өз тарапынан жіберілген қателікті ішінара мойындағанымен, мәселенің қалай өрбитінін ашып айтпады. Ал әбден әуре-сарсаңға түскен азамат прокуратураға арыз жазып үлгерген. Ал одан кейін моральдық әрі материалдық шығын өндіру үшін сотқа арызданбақшы.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ