Русский Сайттың толық нұсқасы

Үндістанда әлемдегі ең ауқымды сайлау науқанына 814 млн үнді азаматы қатысуда

  • AstanaTV
  • 09 сәуір 2014
  • 1302

Үндістан өз таңдауын жасауда. Бұл мемлекетте Парламенттің төменгі палатасы - «Лок Сабханың» депутаттарын сайлау науқаны басталды. Сарапшылар, бұл сайлауды көлемі жағынан әлемде әлі тіркелмеген оқиға деп бағалауда. Өйткені, оған 814 миллионға жуық адам қатысуда. Сайлау учаскесінің саны - 930 мың.

Талас-тартыс негізгі екі партияның арасында болады деп күтілуде: ол - Нарендра Моди басқаратын «Бхаратия Джаната Парти» оппозициялық партиясы мен Үндістанның Ұлттық конгресі басқаратын партия. Оның көш басында тұрған - Неру-Ганди әулетінің ұрпақтары.

Сауалнама бойынша, халықтың басым бөлігі бұл партияға сенімсіздікпен қарайды. Өйткені, дәл осы партия басқарған тұста елде инфляция болып, рупидің құны түсіп кетті. Сондықтан, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары оппозициялық партияның бұл бәсекеде жолы болып кетуі мүмкін деп болжап отыр. Тіпті, осы партия ұсынған кандидат Үкіметті басқаруы ықтимал дейді.

Нарендра Моди - экономика саласының үздік маманы. Ол өзі басқарған Гуджарат штатының қаржылық жағдайын инвестиция арқылы дамытты. Осы себепті тұрғындар оның 2002-жылы болған діни бүлікті қолдағанын да кешіруге дайын.

Айта кетейік, сайлау жеңімпазы Парламенттің жаңа құрамы жасақталған соң, мамыр айында белгілі болады.

Сымбат МОЛДАТАЙ